©
Маңғыстауда мемлекеттік қызмет көрсетуді 2019 жылы 80 пайызға, 2020 жылы 90 пайызға электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен «Электронды үкімет» дамуы мен мемлекеттік қызмет көрсету барысы жайлы басқосуда айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау өңірі бойынша 11 бөлімі, екі секторы және бір филиалы бар. Тізілім бойынша барлығы 741 қызмет түрі көрсетіледі. 2018 жылы 1 377 536 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Мобильді ХҚО бойынша 316 шақырту жасалынып, 6 063 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар облыстың барлық аудандары мен қалаларында өз-өзіне қызмет көрсету секторлары бар. Олар арқылы 2018 жылы жалпы сомасы 61 млн. теңгенің транзакциясы жасалған. Сондай-ақ азаматтарға ЭЦҚ арқылы, бір реттік пароль, EgovKzBot Телеграм боты арқылы мемлекеттік қызмет алу оңтайландырылып, үшінші жақ тарапынан анықтама алу жеңілдетілді", - деді Маңғыстау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК» ҰАҚ филиалының директоры Ербол Байжігіт. Маңғыстауда азаматтарға 195 мемлекеттік қызмет түрі электронды түрде ұсынып отыр. Маңғыстау облысы әкім аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманованың айтуынша, былтыр жергілікті атқарушы органдар 147 қызмет түрі бойынша 3 336 710 қызмет көрсеткен. Айта кетерлігі, 2017 жылы мемлекеттік корпорация арқылы 55 қызмет түрі көрсетілсе, 2018 жылы қызмет түрі 65 дейін артқан. 2017 жылы электронды форматта 40 қызмет түрі көрсетілсе, 2018 жылы 54 қызмет көрсетіліпті. "Цифрландыру аясында жаңа туған нәрестелерді тіркеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде (M-gov) мобильді қосымшасы арқылы 3811 ана тіркеліп, 195-і туу туралы куәлік алды, 1 032 бала балабақшаға кезекке қойылып, 620 ана жүктілігіне байланысты және тууына байланысты жәрдемақы алған", - деп атап өтті Ә.Балманова.