©
«Ақтау-Астана» бағытындағы ұшақтың жолаушысы ұшақ әуеге көтерілген бойда есінен танып құлап, басын қатты соғып алған. Жолаушыға Астанаға іссапарға кетіп бара жатқан маңғыстаулық дәрігер Руслан Бектубаев көмекке келеді. Ол жол бойы жолаушының жанында болып, жағдайын бақылап отырған. Бұл туралы Дина Баданова есімді әлеуметтік желі қолданушысы өзінің фейсбук парақшасына жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Куәгерлердің айтуынша, жағдайы нашарлаған жолаушы шетелдік азамат екен. Оның артериалды қан қысымы төмендеп кеткен. Оны Астанаға жеткен бойда жедел жәрдем бригадасы күтіп алды.
«Алғашқы медициналық көмекті көрсеткен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Маңғыстаудағы филиалының директоры Руслан Бектубаев еді. Ол өзінің лауазымына қарамастан және ең алдымен дәрігер екенін көрсетіп, бір минутта бөгелместен көмекке келді. Жаңа жыл қарсаңында баршаңызға өз істеріңізге адал болып қалуды және кәсіби жолыңызда абыройлы болуды тілеймін», - деп жазды Д.Баданова.
[caption id="attachment_42101" align="aligncenter" width="1024"] Көрнекі сурет сайттың архивінен[/caption]Айта кетелік, Руслан Бектубаев медицина саласында 36 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ол өзінің еңбек жолын 1982 жылы қарапайым дәрігер ретінде бастаған. Осы жылдар ішінде Маңғыстау станциясының тораптық ауруханасында бас дәрігер, облыстық қан орталығының директоры, облыстық туберкулезге қарсы диспансерде бас дәрігердің орынбасары сияқты лауазымды міндеттерді атқарды. 2011-2016 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып қызмет етті. Қазір «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры.