©
2018 жылы Маңғыстау облысында салафиттік толқынның деструктивті-діни ағымдарын жақтаушылар жасаған 37 қылмыс тіркелген. Бұл жөнінде mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы хабарлады.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың 11-і ауыр қылмыс. Олардың ішінде зорлау, бұзақылық, бопсалаушылық, адам ұрлау сияқты ауыр қылмастар бар. Қылмыстың барлығы ашылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылған.
Полиция тұрғындарға байланыс желілері мен құралдарын, интернет-мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді экстремистік материалдарды елге әкелу, елден шығару, дайындау және тарату мақсатында пайдалануға тыйым салады.
Зорлық-зомбылық, қатыгездік, діни және өзге де экстремизм мазмұнындағы күмәнді материалдарды тарату да жауапкершілік жүктеуі мүмкін. Сондай-ақ баспа материалдарын сатып аларда да сақ болған жөн.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес экстремизммен айналысқан ел азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жауапкершілікке тартылады.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы діни жораларды іске асыратын орындардан тыс жерде діни бастамаларды заңсыз түрде насихаттау мен діни әдебиеттерді таратудың куәгері болсаңыз, 102 немесе 475246 телефондары арқылы хабарласуды ескертеді.