16 желтоқсан Тәуелсіздік күні Ақтауда «Мифтер алаңы» ашылды. Мұнда қазақ мифтеріндегі Сарыүйік жылан, Күнбасты Тәңір, Көкбөрі, Ұлы дала сақшылары және Айдаһар, Асан-қайғы, Нұр төле, суын айғыр, аққу мен түйеге мінген бойжеткен сияқты 13 кішігірім сәулет туындысы қойылған.
Шаһар тұрғындары мен қонақтардың сүйікті орнына айналған жаңа жағалауға ұзындығы 102 метр, ені 24 метр баспалдақ салынып, 50949 м2 кеспе тас пен 4496м2 көгал төселген. Велосипедпен серуендеймін деушілер үшін ұзындығы 1800 метрге жуық веложол бар. Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, демалушылар үшін 300 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67672,67673"]«Мифтер алаңының» ашылуына орай өткен мерекелік шарада қала халқы жергілікті театр өнерпаздарының «Ұлы мұра ұрпаққа аманат!» тетарландырылған шеруін тамашалады.
«Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «аң стилі» өнеріне тоқтала келе, жануарлар бейнесі адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланғанын атап өтті. Мақаладағы ойлар түркі әлемі мифологиясының кейіпкерлерімен ұштасып жатыр. Бұл ойлар қазақ мифологиясының негізін қалаушы, зерттеуші-ғалым Серікбол Қондыбай еңбектерінде де көрініс тапқан. Өздеріңіз көріп отырған – Асан-қайғы бейнесі. Ол ХІV ғасырда өмір сүрген, данышпан, ақылгөй жырау, қазақ халқының қамын ойлаған «Дала философы». Желмаяға мініп халқы үшін «Жер жаннаты жерұйықты» іздеген тұлға. Сарыүйік жылан – көне қазақтың дүниетанымындағы киелі нышанның белгісі. Күнбасты Тәңір – түркі дүниетанымындағы жоғарғы Жаратушы. Көкбөрі – күллі түркі әлемінің басты тотемі. Ұлы Дала сақшылары – өлкенің 2000 жылдық тарихынан сыр шертетін дай-массагет, сармат дәуірінің ерекше ескерткіштері. Осының бәрі өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталады деп сенемін», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов "Мифтер алаңының" ашылуында.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ