Ақтауда теңіз жағалауынан миф кейіпкерлерінің мүсіндері бой көтерді. Жағалауға көрік беріп тұрған сәулет туындылары зерттеуші, ғалым Серікбол Қондыбай еңбектерінен алынған. Жартас маңынан қанша аңыз кейіпкері орын тепті, олар қандай мағына білдіреді, жалпы бұл ой қайдан пайда болды деген сауалдардың жауабын білмекке Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасына хабарластық.
Ертегі кейіпкерлерінің мүсінін жағалауға орнатуды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен аталмыш басқарма қолға алған.
«Облыстық мәдениет басқармасы Серікбол Қондыбайдың еңбектеріндегі аңыз кейіпкерлерінен миф алаңын жасауды қала әкімдігіне ұсынып, олар қабылдады. Сөйтіп кейіпкерлердің тізімін бердік, сол бойынша мүсіндер жасалған», - дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев.
Шара зерттеушінің есімін, мол мұрасын дәріптеу, аңыз ертегілеріндегі кейіпкерлерді көрсету мақсатында қолға алынған. Мердігер «Альянс ЛТД» мекемесінің мәліметінше, мүсіндер орналасқан маңдағы жартастарға 18 дана түрлі-түсті жарық шам қойылмақ.
«Бұрын Серікбол Қондыбайдың Шетпедегі мұражайын жасағанбыз. Қалаға қою үшін ғалымның мифологиясындағы бірнеше мүсінді жасадық. Ақтаудың 55 жылдығына 6 мүсінді тарту еттік, қатарында суын айғыр, қос аққу, сыбызғы тартып отырған бала, түйе, айдаһар да бар. Осы айдаһар Серікбол Қондыбайдың миф алаңынан орын тепті», - дейді суретші, жеке кәсіпкер Данияр Қалиев.
Миф алаңында Сарыүйік жылан, Күнбасты Тәңір, Көкбөрі, Ұлы Дала сақшылары және Айдаһар мүсіндері тұр. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, мән-маңызы бар.
Сарыүйік жылан. Көне қазақтың дүниетанымындағы киелі нышанның белгісі. Ол өлілер патшалығының қорғаушысы. Қазақтар үйіне кіріп кеткен жыланды басына ақ сүт құйып шығарған. Сонымен қатар сарыүйік жыланды даналық символы деп есептеген.
Күнбасты Тәңір. Тәңір түркі дүниетанымындағы жоғарғы Жаратушы. Айналадағы барлық құбылыс Тәңірдің қалауымен болады. Оның ең ескі деген бейнелері Тамғалы тас жерінде кездеседі. Ал Маңғыстау өңіріндегі Қарағашты қорымында Күнбасты (Күнтекті) Тәңірдің ерекше бейнесі сақталған.
Көкбөрі. Күллі түркі әлемінің басты тотемі. Түркі тілдес халықтар өз тегін осы көкбөрімен байланыстырған. Халық ішінде көкбөріні “Тәңірдің серісі” деп те атайды. Әлі күнге дейін қазақтар бөріге ерекше құрметпен қарайды.
Ұлы Дала сақшылары. Өлкенің 2000 жылдық тарихынан сыр шертетін дай-массагет, сармат дәуірінің ерекше ескерткіштері.
Айдаһар. Қазақ ертегілерінде айдаһар төменгі өлілер әлемінің күзетшісі, жанды о дүниеге жеткізуші.
Жақын күндері Миф алаңының ресми ашылу рәсімі өтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67425,67424,67423,67422,67421,67420,67418,67419,67416"]