©
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде сұқбат берді. Облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндаған соң БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
«Информбюро» тілшісі Данияр Әділбеков облыс әкімдігіндегі кадр саясаты жөнінде сауал тастады: «Қысқа мерзім ішінде сіздің бірнеше орынбасарыңыз қызметтен босатылды, бірі парамен ұсталды. Осыған байланысты сіздің әкімдікте кадр мәселесі қалай болып жатыр, соны сұрағым келеді», - деді тілші.
Ералы Лұқпанұлы оған былай деп жауап берді: «Менің барлық орынбасарым орындарында, қызметтерін атқарып жатыр. Аманғалиевке қатысты пікірімді үкіметтік емес ұйымдармен кездесуде айтқан болатынмын. Оны БАҚ беттері жариялады, жақсы білесіздер деп ойлаймын. Кадр саясаты қалыпты жүргізіліп жатыр, бір маман келсе, бірі басқа салаға ауысады. Қызметтен кеткен орынбасарларымның орнына орталық аппаратта жасаған мамандарды шақырттым. Бүгінде барлық 5 орынбасарым жұмыстарын атқарып жатыр».
Бұдан соң «Қазақстан» арнасының тілшісі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша салынуы тиіс мұз сарайына қатысты сұрақ қойды.
«Мұз сарайына байланысты 4 млрд теңгенің МЖӘ жобасы басталған болатын. Осы жоба қашан жүзеге асады? Себебі тап осы жобаға қатысты өзіңіздің орынбасарыңыз және инвестор ұсталған еді. Осыған қатысты мәлімдеме жасасаңыз», - деді журналист.
«Инвестиция саламын деген компанияға ешқандай кедергі жоқ. Келген инвесторға бүкіл жағдай жасалды, заң бойынша құрылыс салатын жері, облыстық мәслихат шешімімен арнайы қаржысы берілді. Бір сөзбен айтқанда, мәселенің бәрі солардың мойнында. Олар жобаның сметалық құжаттарын дайындап беруі, экспертиза өткізіп, келесі жылы осы құрылысты бастауы керек еді. Бұл үшін оларға еш кедергі болған жоқ, басқа келетін инвесторларға да солай», - деп жауап берді өңір басшысы.
Суретті Орталық коммуникациялар қызметі ұсынды