©
Маңғыстау облысы әкімдігінде әлі де салқыны басылмай келе жатқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, уағында шара қолданып, аталған дерттен қоғамды аластау мақсатында кең көлемдегі жиналыс өтті. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақовтың төрағалығымен өткен келелі жиынға түрлі саладағы басқарма басшыларымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, ақсақалдар кеңесі және мешіт имамдары қатысты.
Әлқисса, осы кезеңге дейін облыс аумағында анықталған сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен оларға қарсы қаншалықты деңгейде жаза қолданылғанына байланысты дерек көздері болды. Атап өткен қылмыс түрінің аймақта қанша мәрте орын алып, қандай жазалар тағайындалғанын Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы міндетін атқарушы Махамбет Аманқосұлы баяндаған еді:
- Біздің департамент аталған бағыттағы қылмыстық әрекеттердің бетін ашып, одан әрі болдырмау ниетінде көптеген жұмыс атқарып жүргені жұртқа мәлім. Мысалы, 2017 жыл мен 2018 жылдың алғашқы 10 айында 267 қылмыс дерегі тіркеліп, оның 212-сі толықтай құрықталды. Бұлардың 50-ге жуығы сот үкімімен қамау жазасына кесілсе, қалғанына қызмет орынын босатып, түрлі мөлшердегі айыппұл салынды. Атап өтер болсақ, пара алу – 92, алаяқтық – 55, бюджет қаражатын жымқыру – 43, қызметтік жалғандық – 25, қызмет бабын асыра пайдалану – 24, - деп мән-жайды шолып өткен еді.
Жалпы алғанда сыбайлас жемқорлық ең көп таралған сала - жер қатынастары саласы болып тұр – 58, екінші мезетте мемлекеттік сатып алу саласы – 29, әлеуметтік қорғау және қамтамасыз ету саласы – 22, тұрғын үй саласында 13 қылмыс дерегі тіркелсе, одан бөлек білім беру және құрылыс саласында 14 қылмыстың беті ашылғаны тағы бар.
Өз кезегінде Махамбет Аманқосұлы соңғы кездері құрықталған лауазымды қызметтегі бірнеше адамды атап өтті:
- Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерсайынұлы және Маңғыстау облыстық сумен қамту жүйесі облыстық сумен қамту жүйесі бөлімінде қызмет еткен Бозбанайұлы қамау жазасына кесілді. Аталған екі кісі өзара сыбайлас болып, агробизнеске субсидия ретінде бөлінген қаржыдан жымқырып отырған. Сот шешімімен Ерсайынұлы 6 жылға, Бозбанайұлы 5 жылға қамауға алынып, үкіметтен жымқырған 50 млн. теңге толықтай қайтарылды. Одан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу үшін бірнеше қарапайым азаматтардан пара алған қызметкерлері де жоқ емес. Сонымен қатар облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы міндетін атқарушы Сарбаев бас маманымен бірлесіп, қызметін асыра пайдаланған. Бұлар да жазадан тыс қалмай, екі жыл мерзіміне қамалды, - деп мәлімдеме жасады.
Жемқорлық індетін жас буын арасына жуытпай, алдын алу – ең күрделі мәселе. Байлықтың кілтін Абайша айтсақ «кәсіптен емес, шеннен іздейтін» жастардың көбейгені болмаса, азайғаны бірен-саран. Малдының тақ үстінен шірене қарап, жарлы мен жаяуға барын бұлдайтын әдеті ежелден-ақ жалпы адамзатқа тән қасиет. Зұлымдық пен Ізгілік бұрыннан барша халыққа ортақ десек те, жемқорлықты жою жолдарын қайдан іздемек керек. Видеоролик пен сарнап жұртқа уағыз оқығаннан тыйылып жатқан ол жоқ. Бір нәрсе анық, есі бар ісі жаман әрекетке жуымаса керек, яғни білімнен бұрын тәрбиені көштің алдына салу қажет-ақ. Егер аталған дерт жас буынды буына елтіп, жүрегіне құрт секілді үңгіп кетер болса – елдің құрдымға кеткені. Облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов өз кезегінде сөз алып, күйініші мен ел атты «үй ішін» толқытқан кеселдерге шолу жасай кеткен болатын:
- Барлығын да ел біліп отыр, атқа мінген лауазымды адамдардың кімге қол ұшын беріп, кімге қорлық жасап, қандай көлік мініп, қайда демалып жүргеніне дейін біліп отыр. Сол себепті мемлекеттік қызметте талай жылдап таңнан кешке дейін көз майыңды сарқып, маңдай теріңді тамызып жұмыс жасап келгенде, бір-ақ сәт бүкіл абыройыңды айрандай төгеді. Қазақ айтады «атқа мінгенің – ажалыңа мінгенің» деп, аттан бір жығылсақ ел көзіне мазақ боламыз. Жұрт түледің деп сенім артқанда, сеніміне селкеу келтірсең одан әрі бақ та безері – Хақ. Үйіңде жүріп, бір шаңырақтың, отаудың астында отырып, бір баламыз жеміс-жидегімізді, бір баламыз қалтада барды, біреуі жиһазды ұрлай берсе – кесапат. Бір аспанның бауырында тірлік кешкен соң әрбір жемқорлық – қоғамға жасалған кесапат. Мен жемқорлықпен күресудің ұтымды жолы отбасында әке-шешесі баласына, ері әйеліне, әйелі еріне тәлім көрсету деп ойлаймын, - деп азған жұрт сазарған тасқа айналарын айтты.
Кейінгі кезде мотивациялық әңгімелер мен психологияда кең етек алған бір сөз осындай сәтте еріксіз еске түседі екен… Анығында, бәрін өзімізден бастайық.
Мадияр ТӨЛЕУОВ