©
Ақтауда Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы жасанды қол ойлап тапты. Маңғыстау облысы Шетпе ауылының тумасы 16 жасар Назира Қыдырбаева бала жастан зерек болды. 8-сыныпта маңдай алды білім ошағына қабылданып, мұнда да озаттар қатарында жүр. 2017 жылдың басында алғыр қыз жасанды қол техникасы туралы жобаны зерттей бастады. Оқушыны жарымжан жандардың тағдыры көбірек толғандырған. Ол осылайша, мүгедек жандарға арналған қол протезін ойлап тауып, ғылыми тұрғыдан тұжырым жасады. Бұл жобаның мақсаты - қарапайым және кез-келген жанға қолжетімді қол протезін жасап шығару. Адамның сау қолының бұлшық еттері жиырылғанда, датчиктен микро бақылаушыға сигнал барады. Микроконтроллер келген белгіні өңдеп, моторға бағыттайды. Келген сигналға сәйкесінше сервомотор саусақтарды жұдырыққа жұмады немесе ашады. Ал жобаның басты артықшылығы - датчиктердің басым бөлігінің қолдан жасалуына байланысты, жобаның іске асуына қаражаттың аз жұмсалатыны. «Әдетте дені сау адамдарға қарапайым нәрселерді жасау мүмкін болмаған кезде мүгедектерге өмір сүру, тіпті оңай емес екенін ойлайсың. Мысалы, қолы жоқ адамға заттарды ұстауға мүмкіндік болса, қандай жақсы! Мен жасанды қолмен заттарды алуға көмектесетін құрылғы жасауға тырыстым. Бұл менің алғашқы тәжірибем. Егер табысты болып жатса, осындай құрылғылар арқылы мүгедектерге көмек көрсетуді жалғастырғым келеді. Бұл құралдар өте қарапайым және арзан болуы керек. Өнертабыс мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған. Мұны туа бітті жарым жандар немесе бақытсыз жағдайлар салдарынан қолын жоғалтқан адамдар қолдана алады»,- дейді өнертапқыш оқушы. Ақауы бар қол жасанды материалдан жасалған механикалық қолмен біріктіріледі. Ол белгілі бір сигнал берілген соң, мықтап қысылады. Сигнал сенсор арқылы сау қолға қосылған құрылғыдан келеді. Сенсорлар сау қолдың бицепс және трицепсіне орнатылып, күш жұмсап жатқанда сигнал беруді жүзеге асырады. Құрылғы көмегімен жасанды қол жұмылады немесе жаздырылады. Нарыққа шолу жасаған өнертапқыш қыз елімізде 100 млн. теңгеге 50-70 адам протез салдыратынын айтады. Шамамен бір жасанды қол 2 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыртпалық салатыны рас. «Менің таңдаған материалдарымнан бір қол 500 мыңға жуықтайды, жоба нәтижесін берсе 100 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік болады,- дейді Назира. Оқушының жобасына бастапқы қаржы ретінде 2 млн. 800 мың теңге қажет. Аталған қаражатты табуға көмектесер жан табылса, жас өнертапқыш болашағын осы кәсіпті дамытумен байланыстырмақ. Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда 13 жастағы оқушы теңдесі жоқ протез ойлап тапқан болатын.Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery ids="65177,65173,65172"]