©
Ақтауда "Назар аударыңыз, жаяу жүргінші" атты республикалық жедел-профилактикалық шараның бір күнінде 76 адам жол қызметі ережелерін, 12 көлік жүргізушісі жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзған. Ал жаяу жүргіншілер жолынан өту қағидаларын 37 адам бұзса, 1 адам көлік құралын мас күйінде айдаған. Сондай-ақ жол қозғалысы ережесін бұзған 26 жаяу жүргінші тіркелді. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аталған мәселенің шиеленісуі соңғы уақытта көлік санының айтарлықтай өсуімен түсіндіріледі. Сонымен қатар адамдар жаяу жүргіншілер жолынан өтудің орнына, оған жетпей жолдың арғы бетіне өте береді. Осы шиеленіскен аймақта жүргінші де, көлік жүргізуші де жол қозғалысында өте жиі қателіктерге жол береді.
Жаяу жүргінші өткелінен өту кезінде жасалған жол-көлік оқиғасының себептері көп.
Маңғыстау облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғасының басты себебі – көптеген жүргінші жол қозғалысы ережелерін білмейді. Сондықтан олардың талаптарын орындауға құлықсыз.
Сондай-ақ жүргізуші жаяу жүргінші өткеліне жақындаған кезде жылдамдықты азайтпайды. Бұл себеп жол-көлік оқиғасына әкеліп соғады.
Екінші себебі – жүргізуші бұрылатын жолда, өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді өткізбейді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің өткелінен өту кезінде болатын жол-көлік оқиғасының үшінші себебі – жүргізуші жаяу жүргіншілердің болмауына көз жеткізбей, көлігін айдай береді.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көлік құралдарының қағып кетуінен сенімді қорғайтын ешбір қорғаныс жоқ. Атап өтерлігі, жаяу жүргіншілердің қозғалысында жолүсті, жоласты және реттелген жаяу жүргінші өткелдері, қауіпсіздік аралдары, жол қоршаулары орнатылмаған.
Айта кетейік, "Назар аударыңыз, жаяу жүргінші" атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қазан айының 29-нан қарашаның 2-не дейін жалғаспақ.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ