Автоәуесқойлар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандандырылған ХҚКО-да жол қозғалысының теориясы бойынша алдын ала тест тапсыра алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұрғазиевтің айтуынша, енді азаматтар емтихан алдында өздерінің білімін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында тексере алады. «Мемлекеттік корпорация жол қозғалысының теориясы бойынша алдын ала тестілеу жобасын іске қосты. Енді әрбір үміткер емтихан тапсырар алдында жол қозғалысы ережелері бойынша өзінің білімін сынай алады. Мұндай қызмет мамандандырылған ХҚКО-да ақылы негізде көрсетіледі. Астана және Алматы тұрғындары үшін 700 теңгені, облыс орталықтарында 500 теңгені құрайды»,- дейді Нұрғазиев.
Бірінші рет жүргізуші куәлігін аларда үміткер екі емтихан - 40 сұрақтан тұратын теориялық емтихан және автодромда 12 жаттығудан тұратын практикалық емтихан тапсыратынын естеріңізге саламыз. Әрбір үміткерде 3 ретке дейін емтихан тапсыруға мүмкіндік бар. Үш сәтсіз талпыныс болған жағдайда үміткерге келесі емтихан тапсыруға соңғы емтихан өткен күннен бастап алты айдан кейін рұқсат беріледі.
Айта кететін мәселе, болашақ жүргізушілер интеллектуалды автодромда практикалық дағдыларын сынай алады. «Автоматтандырылған электронды алаңда практикалық емтихан тапсыруға емтихан алды дайындықты жүргізу» ақылы қызметі қазақстандықтарға аптасына жеті күнде де көрсетіледі.
Азаматтарға жүргізуші куәлігін алу рәсімдерін жеңілдететін өзгерістер көлік құралдарын тіркеу және есепке алу қағидасын бекіту туралы бұйрыққа осы жылдың маусым айының басында енгізілген. Жаңа қағидаларға сәйкес «А» және «В» санатындағы, сондай-ақ «А1» және «В1» кіші санатындағы жүргізуші куәліктерін автомектептерде оқымай-ақ алуға болады.
Қазіргі таңда ақылы қызметтер Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Ақтау, Петропавл, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай және Ақтөбе қалаларында 10 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіледі. Жылдың басынан бері 5 мыңнан аса қазақстандықтар автоматтандырылған автодромда автокөлік жүргізу қызметтерін пайдаланған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз қызметі