Маңғыстау облыстық сотында журналистердің кәсіби мерекесіне орай жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
Оған Маңғыстау облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Рахметулла Хайруллин, Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Меңді Епенова, облыстық сотының БАҚ-пен өзара байланысты үйлестіруші-судья Айжан Молбаева, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен БАҚ-пен өзара байланысты үйлестіруші-судьялары қатысты.
Салтанатты шарада Айжан Молбаева соттардағы БАҚ-тың рөлі туралы баяндады.
-Қазіргі таңда соттарда БАҚ-пен жүйелі жұмыс жасау үшін барлық жағдай қарастырылған. Жоғарғы Соттың дайындауымен соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимылының жаңа тұжырымдамасы қабылданып, интернетте жүйелі жұмыс алға қойылды. Жоғарғы Соттың қолдауымен әрбір облыстық соттың интернет – ресурстары заман талабына сай жасақталып, бұқара үшін қолайлы жағдай туғызды. 2016 жылдың 6 айы бойынша Маңғыстау облысы соттарының судьялары және сот қызметкерлерімен жергілікті, республикалық БАҚ-та - 284 мақала, БАҚ өкілдерінің соттар жөнінде жазған ақпараттары – 257 жарияланым, радио мен телеарнада – 62 сұхбат, Жоғарғы Соттың интернет сайтында облысымыздан - 12 ақпарат, облыстық соттың сайтында - 304 ақпарат жарияланған, - деді А.Молбаева.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс деңгейін одан әрі арттыру – сот жүйесінің алдағы кезеңдегі дамуының негізгі басымдығы. Рахметулла Хайруллин кездесуге қатысушыларға сот билігінің имиджін нығайтуға қосқан үлестері мен көрсеткен ақпараттық қолдауы үшін алғыс білдіріп, оларға «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтарды дер кезінде БАҚ беттеріне ұсынып, соттар мен БАҚ-тың арасын байланыстырып отырған белсенді жұмыстары үшін Ақтау қалалық сотының судьясы Аида Бұлақбаева және Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерсін Қазиевті «Алғыс хатпен» марапаттады.
Нұршат Өтеулиева, Маңғыстау облыстық сотының маманы Суреттерді түсірген Талант Құсайын