Маңғыстау облысында ауылдық округ әкімі бұрын 130 мың теңге жалақы алса, қазір қызметтегі еңбек өтіліне қарай 350-370 мың теңге алады. Ал әкімдіктің жас маманы 50 мың теңге айлық алып жүрген болса, енді оның айлығы 120 мың теңгеге жетеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.
Брифинг «Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің факторлық-балдық шкаласын (ҚБШ) енгізу бойынша Маңғыстау облысының тәжірибесі» тақырыбында өтті. Жиынға Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова қатысты.
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы 939 қаулысына сәйкес, осы пилоттық жобаға Маңғыстау облысы өзге өңірлерден бұрын алғашқы болып енгізілді.
Әсел Балманованың айтуынша, жыл басында пилоттық жобасы енгізілгеннен бері еңбекақы көлемі орташа есеппен 2,5 есе өсіп, бос орындар саны 65,7% қысқарған.
«Маңғыстау облысының әкімдігінің қолдауымен арнайы қаражат қарастырылып, мемлекеттік қызметшілерге осындай мүмкіндік жасап жатыр. Облыста мемлекеттік қызметке келушілердің саны өте аз болды. Мысалға республика бойынша бос орындары саны 7,8 %-дан аспайтын. Ал бүгінгі күні 7,1%-ды құрап отыр. Яғни мемлекеттік органдардағы бос орындардың орташа үлесі 7,1% болса, Маңғыстау өңірінде әр жыл сайын мониторинг жасағанда бос орындардың көрсеткіші 12-13% болатын. Сондай-ақ конкурсқа адамдар келмейтін. Ауылдық округтерде 28 рет бос орындарға хабарландыру жарияланып, бірде-бір үміткер қатыспаған жағдайда болды», - деді МО әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманова.
Оның айтуынша жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарда еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 1113 болса, бүгінгі күні 1029 болды(84 қызметкерге қысқарған). Еңбек шартымен қызмет атқарып жүрген қызметшілерді қысқарту нәтижесінде 3 345 000 теңге үнемделген.
«Балдық шкаланың енгізілуі осы проблеманы түбегейлі жеңді. Жалпы конкурс бойынша Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасында тауарлар мен қызметтерді сатып алу бөлімінің бас маманы деген екі лауазымға екі рет конкурс жарияланған. Біреуінде 1 орынға - 14 адам қатысқан, ал екінші лауазымға – 9 үміткер қатысқан. Сол сияқты Маңғыстау облыстық индустрия және инновация басқармасында жарияланған инвестициялық-инновациялық саясат бөлімінің бас маманына 13 үміткер қатысқан. Бұл Маңғыстауда мемлекеттік қызметтің тартымды бола бастағанын көрсетеді», - деді Әсел Балманова.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ