©
Қазақстаннан Сирияға аттанып, қайта оралған отбасылардың балалары арнайы орталықтарда тәрбиеленіп, оларды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Астанада тілшілердің дін саласында ақпарат беруін жетілдіруге арналған оқыту тренингінде ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев мәлім етті, - деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Әлбетте, бұл мәселе бойынша арнайы құқық қорғау органдары жүргізген жұмыстар бар. Соларға сүйеніп айтар болсақ, қазіргі уақытта еліміздің 300-ге тарта азаматы Сирияда деген ақпарат бар. Бірақ олардың қаншасы қайтыс болды, қаншасы әлі сол жақта өмір сүріп жатыр деген сұрақтарға қатысты нақты мәлімет айту қиын. Бірақ біз осы мәселені үнемі назарда ұстап отырмыз. Әсіресе, ата-аналары сол жерде жүріп қайтыс болған балалар туралы ақпарат жарияланып жатыр ғой. Басты мақсатымыз Қазақстаннан барған қазақ балаларын елге алып келіп, оларды арнайы орталықтарда қайтадан біздің қоғамға бейімдеп, қоғамның толыққанды мүшесі қылу жұмысы жоспарымызда бар», - дейді Балғабек Мырзаев.
Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасарының айтуынша, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, бұл жоба жасалып та қойған.
«Қазіргі уақытта сол балаларды қалай елге әкелу мәселесі толық шешім тапқан жоқ. Өйткені көпшілігінің құжаттары жоқ. Ата-аналары қайтыс болғаннан кейін балалардың ДНК-сын зерттеу керек. Мемлекет сол жақтағы ел азаматтарының балаларын қайта алып келіп, тәрбиелеуді жоспарлап отыр. Өйткені балалар жазықсыз. 150-ге жуық бала болатын болса, менің естуім бойынша олардың жартысынан жуығы 2-7 жас аралығындағы балалар. Яғни олар қалыптаспаған, ол жаққа барып жиһад жасаймын деген ойды түсінбеген балалар болғаннан кейін біз оларды елге алып келіп, тәрбиелесек, оқытсақ, балалар қоғамның толыққанды мүшесі болады деген сенімдеміз», - дейді Балғабек Мырзаев.
Оның айтуынша, Сириядан осы күнге дейін 3-4 бала келген. Олардың ішінде анасымен бірге немесе ата-анасыз келгендері де бар.
«Бізде қазір Ақтөбеде 3-5 отбасының жұбайы қайтыс болып, әйелі баласын Қазақстанға қайтып әкелген жағдайлар бар. Олардың балаларын біз арнайы орталықтарда қазір оқытып жатырмыз. Ол балалар мектепке барып, олармен арнайы психологтар жұмыс атқаруда. Ал жаппай келу бойынша әлі жұмыс басталған жоқ», - дейді Балғабек Мырзаев.
Комитет төрағасының орынбасары Сириядан қайтып келген азаматтарды (ересектер) қоғамға қайта бейімдеу өте күрделі процес екенін атап өтті.
«Мысалы, олардың көпшілігі сол жақта қарулы жиһадқа қатысқан, қолына қару алып соғысқан азаматтар. Бізде тек бір ғана шарт бар: егер шынында да, азамат алданып барып қалған болса немесе қарулы қақтығысқа қатыспағаны дәлелденген жағдайда біз оларды арнайы бейімдеу орталығына апарып, оңалту жұмысын атқарамыз. Ал егер жиһадқа қатысқан азаматтар бойынша, енді бұл жерде тиісті қылмыстық іс қозғалып, егер адам өлтірген болса, міндетті түрде бас бостандығынан айыруға дейінгі шаралар қолданылады», - деді Балғабек Мырзаев.
Көрнекі сурет сайттың архивінен