©
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының мектептерінде 35 IT сыныптар ашылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 30 IT сыныбы ашылып, қыркүйектің соңына дейін қалған бесеуі ашылады деп күтілуде.
Соңғы екі күнде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Ақтау қаласындағы №21 орта мектепте, облыстық «Дарын» мектеп интернатында, «Білім-инновация» лицейінде және Мұнайлы ауданындағы №4 орта мектепте ІТ сыныбы ашылды.
Мұнайлы ауданы Дәулет ауылындағы №4 орта мектепте ашылған ІТ сыныпта оқушыларды 3 модуль бойынша оқытады. Атап өтсек, вебсайттар құрастыру, анимациялық жобалар жасау және алгоритм бойынша жұмыс жасау. Мектеп директоры Күлмеханова Дина Тілепбергенқызының айтуынша, аталмыш білімді меңгеру қазіргі заман талабы, себебі болашақ осы технологиялармен тығыз байланысты.
«Жаңа технологиялардың тілін меңгерген балалар республикалық және әлемдік деңгейдегі сайыстарға еркін түрде қатыса алады. Сыныпта білім алуға ұмтылған балалар саны жетіп артылады. Біздің жастағы адамдар түсінбегенмен, оқушылар ІТ бағдарламаларын тез арада меңгеріп кетуге әзір», - деді ол.
ІТ сыныптарындағы балалар топтарға бөлініп оқиды. Бір сабақ 45 минутқа созылады. Онда теория, тәжірибелік жұмыстар мен көпшілік алдына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, 10-сынып оқушысы Қанат Елубаевтың айтуынша оқушылар жаңадан ашылған сыныпта білім алуға құштар.
«Біз жаңа сыныпта оқуды бастадық. Менің ойымша бұл өте пайдалы және мен өз ойымды жүзеге асыруға керемет мүмкіндік алдым. Менің құрдастарым да сыныпта асқан қызығушылық танытуда», - дейді ол.
Айта кетейік, жыл соңына дейін республикада 1000 мектепте ІТ сыныбы ашылмақ. Жалпы саны 450 мың баланы ІТ сыныбында оқыту жоспарланған.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61309,61310"]