©
Маңғыстау прокуратурасы Бейнеу ауданында оқитын колледж студенттеріне шәкіртақы төленбегенін анықтады. Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі 158 білім алушыға шәкіртақы тағайындағанымен, 2018 жылдың жазғы демалыс мезгілінде колледж шәкіртақыны төлеуді негізсіз тоқтатқан. Нәтижесінде оқу орталығының қарызы 5,3 млн. теңгеге жеткен.
Бұл олқылық Бейнеу ауданының прокуратурасы тексеруі кезінде белгілі болды. Прокуратура қыркүйек айының басында білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысқа сай бөлінген мемлекеттік қаражаттың игерілу заңдылығын тексеріпті.
"Бейнеу политехникалық колледжі де осындай заңбұзушылыққа жол берген. Онда 155 студентке шәкіртақы төленбей, бережақ көлемі 3,6 млн. теңгеге жетті", - деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы.
Аудан прокуратурасы колледж басшыларының атына қадағалау актісін енгізіп, 313 студентке жалпы сомасы 8,9 млн. теңге шәкіратқы төленген. Сонымен қатар 9 тұлға тәртіптік жауапқа тартылған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен