©
Биыл қала аумағындағы жасыл желектерді суару және күтіп ұстау жұмыстарына қала бюджетінен 938 млн теңге қарастырылғанын бұған дейін айтқанбыз. «Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» ММ «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен сәуір айында 777 777 700 теңгеге келісімшарт жасақтады. Бүгінде оның 600 миллионы игерілді. Жыл соңына дейін қалған 177 млн қажетті межеге жұмсалмақ. Бұл туралы бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде айтылды.
Биыл қала аумағында 5200 дана – ағаш, 528 600 дана – гүл отырғызылып, 10 000 шаршы метр гүлзар жасақталған. Сондай-ақ 3000 дана раушан гүл мен12 000 дана бұта (кустарник) егілген. Көгалдандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады.
-Жыл аяғына дейін жасыл желектердің күтімі, суару жұмыстары тоқтамайды. Қазан айының соңында суару аяқталса, қараша айында келесі жылға дайындықты бастаймыз. Бұл атқарылған жұмыстарды келесі жылғы мердігерге осы күйінде сақтап қалу мақсатында биылғы мердігерден кепілдік сомасын алып қалып отырмыз. Келісімшарттағы қаржының 5 пайызы көлемінде. Ол келесі жылғы мердігер қабылдап алғаннан кейін төленеді. Себебі келер жылы ол ағаш өсе ме, жоқ па білмейміз, - дегенді айтты Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ақыбаев.
Биыл жоспар бойынша егілуі тиіс 10 мың жасыл екпенің 5200-і отырғызылған. Қалған күздік ағаштар алдағы уақытта егілетінін жеткізді мамандар. Олар «Грин парк» тұрғын-үй кешенінен «Кездесу» жанармай бекетіне дейінгі аралықты қамтымақ. Осы орайда осы жазда қалаға жаңадан отырғызылған павловния ағаштарының жай-күйін де сұрадық.
-Ол ағашты егуге мамандар Өзбекстаннан шақырылды. Олар алдымен питомниктерді отырғызды. Биіктігі 1 метрге жетіп, қалыпты өсе бастаған соң, қалғандарын толық егуге рұқсат бердік. «Грин Парктен» «Кездесу» жанармай бекетіне дейін, 16 мен 17 шағынаудан аралығы және Есенов университеті маңына 7000 түп көшет егілді. Иә, алғашында екпелердің қурап, жағдайы нашарлағанын байқаған соң мамандар бірден жұмысқа кірісті. Қайтадан күтімін жасап, 1 аптада қалпына келтірді, - дейді Қайрат Сағынғалиұлы.
Оның айтуынша, жыл соңында келесі жылғы көгалдандыру жұмыстарына қаржы көлемі қарастырылып, жыл басында конкурс жұмыстары басталмақ. Келесі жылғы көгалдандыруға (жасыл-желек, гүл, гүлзар т.б.) бөлінетін қаржы көлемі шамамен 1 млрд теңгенің үстінде болатынын да жеткізді.
Каспий маңы елдерінің саммиті қарсаңында қаланы ажарландыру «Жасұлан флора» мекемесіне жүктелген болатын. Ол үшін 823 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде көшелерге 7 миллиондай гүл егілді. Бүгін қаладағы жасыл желектердің жай-күйіне қатысты Ақтау қалалық әкімдігінде брифинг өтті. Құзырлы орган өкілдері бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Пиар» мейрамханасынан Халыққа қызмет көрсету орталығына дейін 218 811 дана көп жылдық гүлдер (ценерария, стахис, лаванда, ачелия, артемизия, кохия, фистуха), 479 292 (петуния, пеларгония, бархатцы, целозия, партулак, ценита, канны) бір жылдық гүлдер отырғызылған.
Ассамблея ғимараты маңына 96 000 көп жылдық, 96 000 бір жылдық гүл, ал жаңа айналмаға 15 918 көп жылдық (цинерия), 23 100 бір жылдық гүл отырғызылған.
-Құм, тас көп болғандықтан гүл егу кезінде біраз қиындықпен күресуімізге тура келді. Күннің ыстық болуы да әсер етті. Дегенмен олардың бәрін еңсердік. Бір күн де тоқтамастан жұмыс істеп, гүлдердің жақсы өсуіне жағдай жасадық. Күнделікті суарылды. Сонымен қатар суға байланысты да мәселе туындады. Су ыстық, суып үлгермейді, өзі аптапта тұрған өсімдікке оны қалай құямыз? Ауырып қалуы мүмкін, оның үстіне торф қолдандық 1 шаршы метрге 5 литр торфтан қостық, - дейді «Жасұлан флора» мекемесінің өкілі Айдар Нұрғожаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын мекеме өкілдері гүл егу барысында қоқыс, құрылыс қалдықтары, тастар өте көп болғандықтан, 200-ден астам көлікпен қоқыс шығарғанын жазғанбыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА