Бүгін Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғамда резонанс тудырған, ойын бизнесіне қатысы бар деп айыпталған 8 азаматқа сот үкімі шықты.
Естеріңізге сала кетейік, олар ойын мекемесін ашып, қылмыстық топ құрған. Клубта ойын ойналып, жеңіске жеткенде олар ақша алған. Біраз уақыттан кейін барлық ұйымдастырушыны құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады. Оны жүргізгеннен тапқан ақшаға өзіне заңсыз мүлікті сатып алу, пара беру деген айып тағылған болатын. Казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруға тыйым салынғанын біле тұра, оңай жолмен пайда табу мақсатында Маңғыстау облысының салық органдарында тіркемей және аталған қызметпен айналысуға тиісті лицензиясыз соңғы бірнеше жыл ішінде заңсыз ойын бизнесін Жаңаөзен қаласында ұйымдастырған. Сот үкімін Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Азат Ізбасаров оқып шықты.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азаматша Ж. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307 бабы 2 бөлігі 2 тармағымен көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сот тергеуі барысында жүргізілген жан-жақты зерттеулер нәтижесінде азамат А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 262-бабының 2-бөлігімен(ұйымдасқан топ), 307-бабының 3-бөлігінің 1, 2–тармақтарымен тағылған айыптардан оның әрекеттерінде аталған қылмыс кұрамдары болмауына байланысты және ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі 367-бабының 4-бөлігімен(пара беру) тағылған айыптан қылмыстық құқықбұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбегендіктен ақталды.
Ал алты азамат ҚР ҚК-нің 307 бабының 2 бөлігінің 2 тармағымен көзделген заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына осы баппен 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазалары тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 262 бабының 2 бөлігімен(ұйымдасқан топ)тағылған айыптан олардың әрекеттерінде аталған қылмыс кұрамы болмауына байланысты ақталды.
«Бұл кісілердің іс-әрекеттері ҚР-ның Қылмыстық кодекстің 307 бабы 2-ші бөлімінің 2-ші тармағы заңсыз ойын мекемелерін ашу, ойынды заңсыз ұйымдастыру бойынша қаралды. Ол кісілер бұрын сотталмағандықтан, мінездері дұрыс болғандықтан екі жыл алты ай шектеу жазасы тағайындалды. Басқа сотқа берілген бап бойынша бұл кісілердің бәрі ақталды. Ал сотталушы А.Боранов өзіне тағылған айыппұл заңсыз қылмыстық топқа қатысуына, заңсыз ойын-бизнес саласында ұйымдастыру және пара бергені үшін сотталған еді, енді ақталды», - деді Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Азат Ізбасаров.
Сот үкім шығарған кезде сотталушылардың отбасылы, балалары бар екені және бұрын заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмағандығы ескерілді. Белгіленген мерзім ішінде сотталушылар өздерінің тұрғылықты мекен-жайын жұмыс уақытынан тыс қалдыруға, басқа жерге көшуге, тұрғылықты қаладан кетуге, ойын-сауық мекемелеріне, оның ішінде ойын мекемелеріне баруға тыйым салынады. Егер бұл ережелер өз тарапынан бұзылған жағдайда, сот бас бостандығынан айыру туралы шектеуді ауыстыруға құқылы екендігін сот барысында айтты.
«Жаңаөзен қаласында олар 5 ойын залын ашқан. Оны сот тергеу органдары мүліктің бәрі тәркіленіп, мемлекеттің пайдасына өндірді. Оның ішінде 198 дана процессор, 91 дана монитор, 3 дана теледидар, 18 кассалық құрылғы, 3 сервер, 1 модем және 5 млн 900 мың тг ақша мемлекет пайдасына өндірілді», - деп мәлімдеді Азат Ізбасаров.
Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкімге тараптар он бес тәулік ішінде апелляциялық шағым немесе өтінішхат толтыруға құқылы.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61153,61154,61155,61156,61157"]