©
Бейнеу ауданының 45 жылдық мерейтойы осы жылдың 15 қыркүйегі күні мәдени-көпшілік шаралармен, ұлттық спорттық ойындармен мәнді де сәнді тарихи оқиға болып өтті.
Мерейтойды өткізудің басты мақсаты - өткен жылдардың тарихынан тағылым алу, ауданның дамуы жолында жеткен жетістіктерді саралап, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларында атап көрсеткен тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бағытында аудан әкімдігінің іс-қимылының басым бағыттарын халыққа түсіндіріп, оны одан әрі өрістету болды. Бейнеу әр алуан саладағы дамудың, құттықтаулар мен жылы лебіздердің, ән мен жырдың алтын арқауына айналды. «Бейнеу белестері» телефильмі ауданның көркем көріністерін айшықтап, тарихы мен жетістіктері мол мағлұматтармен көпшілік көрермендерді қанықтырды.
Кезінді ауданның қалыптасып, дамудың даңғыл жолына түсуіне өз үлестерін қосқан аға буын өкілдерінің және еңбек ардагерлерінің еңбектері еленіп, ардақталды. Бейнеуліктердің қуанышына ортақтасқан көрші Атырау облысынан Төкен Танаевич Жұмағұлов бастап келген делегация және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақов пен облыстық мәслихат хатшысы С.Тұрымов бастаған қала және аудандардың әкімдері, сала басшылары, депутаттары, бұрын ауданда қызмет жасаған еңбек ардагерлері, осы топырақта туып-өскен өнер адамдары мен ақын-жазушылар келді. Бейнеуліктер той қонақтарына қонақасы беріп, құрмет көрсетіп, қонақжайлық пейілдерін танытты.
Аудан орталығында жаңғыртылып, жөндеуден өтіп, самаладай жарқыраған Әли Балта атындағы стадионда мерекелік кеш өтті. Аумағы атшаптырым стадион жан-жақтан лек-легімен келген көрермендер мен қонақтарға лық толды. Бұрын-соңды болмаған бұл жиын Бейнеу халқының туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын аңғартқандай әсер қалдырды. «Бейнеу бағым» деген жазумен әсем безендірілген сахна төріне көтерілген аудан әкімі Б.Әбілов құттықтау сөз сөйлеп, «Жақсылықтар жалағаса бергей!» деп ақжарма тілегін арнады. Содан соң думанды кеш қыза түсті. Көпшілік шабытпен шырқалған әуенге тербеліп, сахнаға құлақ түріп тұрды. Оларға республикаға танымал ауылдас әншілеріміз — республикалық «Жас қанат» байқауының бас жүлдегері Аида Байгелова, Асқар мен Асанәлі Көшеровтер, республикалық «Мен қазақпын» мега – жобасының бас жүлдегері Оспан Құлсымақ ән шашуларын арнаса, аудан өнерпаздары, аудан тарихымен біте қайнасып келе жатқан жастардың «Арай» вокальдық ансамблі әсем әндер шырқап, бишілер тобы мың бұрала билеп, өнерлерімен көрмендердің қошаметіне бөленді. Көпшілік көрермен қатарларын бұзбастан түн ортасы ауғанша әнмен тербеліп, бимен толқып, өнерден сусындады. Мерекелік концерт тылсым түннің пердесін түріп, көркем көрініс берген от шашумен аяқталды.
Қорыта айтқанда ауданның мерейтойы еліміздегі рухани жаңғырудың жарқын көрінісі болып, ел есінде елеулі оқиға болып қалары анық.
Салтанатты жиында ардагерлер ардақталды
Ауданымыздың 45 жылдық мерей тойына арналған Абыл мәдениет үйінде салтанатты жиын болды. Оны аудан әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы құттықтау сөзбен ашып, ауданның әрбір саладағы өсіп, өркендеуі бейнеуліктердің еселі еңбегі мен аға буын өкілдері ардагерлердің төккен терінің жемісі екендігін жеткізді. Содан соң ол біртоп соғыс және еңбек ардагерлеріне «Бейнеу ауданның құрметті азаматы» төсбелгісін тағып, куәліктерін тапсырды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары М.Сқақов облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың Бейнеу ауданының халқына арнаған құттықтау лебізін жеткізді. Және ауданның осындай белеске шығып, биіктен көрінуіне ерекше еңбек сіңірген бірнеше әр саланың ардагерлеріне «Бейнеу ауданына—45 жыл» төсбелгісін тағып, құттықтады. Ауданның әлеуметтік нысандарын аралап, жұмыстарымен танысқандағын айтып, сөзін жалғастырған ол «Бейнеуге кеште келсең, Бразилияға, ал күндіз араласаң, Дубайға келгендей боласың» деп әсірелеп, ауданның тіршілік-тынысына оң бағасын берді. (...Иә,қашан да кішкентай жарқ еткен жаңалықтарымен көргендерді тәнті етіп жүрген Бейнеудің бүгінгі келбеті мен алға басқан қадамы кім-кімге де терең ой салмай қоймайтыны шындық.). Осылайша, бабалардың баталы сөздерін тілге тиек еткен ол Қыдыр қонып, бақ дарыған киелі жер, қасиетті мекен- Бейнеудің берекесі артып, бірлігі нығайып, Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру жолында ұйымшылдық таныта берулеріне тілектестік білдірді. Сондай-ақ ауданды ширек ғасырдан астам басқарған ауданның бұрынғы әкімі, еңбек ардагері Б.Әзірханов жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
Жаңа кәсіпкерлік нысандар немесе Бейнеудегі - «Dubai»
Осы күні мерекеге тарту ретінде ауданда бірнеше кәсіпкерлік нысандардың тұсаукесер рәсімдері де болды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары М.Сқақов және облыстық мәслихат хатшысы С.Тұрымов бастаған облыстан келген қонақтар мен аудан әкімі Б.Әбілов және еңбек ардагерлері қатысып, көпшіліктің қуаныштарын бөлісіп, құттықтады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тілепов пен аудан ардагерлері С.Хибасов, Ф.Ережеповтер тұсаукесу рәсімдерін жасады. Жиналған жұртшылық пен қонақтар жаңадан ашылған «DUBAI» кинотеатрының, «Жайдарлы» оңалту орталығының және «Бейнеу» супермаркетін аралап, қызметімен танысты.
Содан соң қонақтар білім берудің заманауи технологияларымен жабдықталып, жаңа үлгіде білім беріп жатқан Бейнеу орта мектебін көрді. Көпшілік тарапынан мектептегі жаңалықтарды кезең талабына сай дамытып, насихаттауға болатын жаңғырудың оң өзгерістері екендігі айтылды.
Көрмедегі Бейнеу бейнесі
Бейнеу мерекесі аталып өтпестен бір күн бұрын «Бейнеу мұражайында» және мереке күні Абыл мәдениет үйінің фойесінде ауданның арғы-бергі тарихынан тін тартып, сыр шерткен, тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңдердегі өсіп, өркендеуін паш еткен тарихи тағылымы мол көрме ұйымдастырылды. Көрермендерге көрменің «Тасқа жазылған тарих» деген бөлімінде Бекет атаның мешіті бар қасиетті Бейнеу жеріндегі мәдени-тарихи ескерткіштер мен киелі жерлері таныстырылса, Абыл мәдениет үйінде Бейнеу ауданының қалыптасуы мен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы, алған асулары мен шыққан биіктері, жеткен жетістіктері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол», «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асып жатқан индустриялдық-инновациялық жобалардың макеттері мен Астананың 20 жылдығына арналған картиналар және жас қолөнер шеберлерінің туындылары, жеке кәсіпкерлердің қолынан шыққан бұйымдар көрініс тапты. Онда ауданның жан-жақты дамуы мен көркеюін бейнелеген фото-суреттер орын алды. Келіп танысқан көпшілік Бейнеудің тамаша тарихына тәнті болды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Зағип жандарға мемлекеттік қызмет алу тәртібі түсіндірілдіҰлттық спорттық ойындар
Ауданның мерейтойына арналып ұйымдастырылған ат бәйгесі мен қазақша күрес жарыстары ертемен басталып, өте қызықты да тартымды өтті.
Ат жарысына көрші Атырау облысы мен Ақтау, Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау ауданынан келген кіл жүйрік аттар қосылды. Ең алдымен көпшілік көрермендер тоқ бәйгені қызықтаса, кейін аламан бәйге мен тай жарыстарын тамашалады.
Бәйге төбенің басында жан-жақтан келген қонақтар мен еңбек ардагерлері жайлы орындарға жайғасып отырып, жарыстарды қызықтап көрді.
Ат жанкүйерлері бірінші қызықтаған 15 шақырымдық тоқ бәйгеге 20 ат қосылып, соңғы айналымында «Жеті қайқы» аты бірінші болып келген бейнеулік Ә.Таңатаровқа -мотоцикл, «Қарадауыл» деген аты екінші болып келген жаңаөзендік И.Қалдановқа -200 мың теңге, «Қарлығаш» деген аты үшінші болып келген бейнеулік А.Қырымқұловқа -100 мың теңге жүлде беріліп, дипломдармен марапатталды. Бәйгелердің жүлделерін облыстық мәслихат хатшысы С.Тұрымов және А.Меңдібаев, тағы да басқа депутаттар табыс етті.
Аламан бәйгенің 11 айналымына тек қана құс қанатты сәйгүліктер жетіп, санаулы саңлақтар мәре сызығынан аман-есен өтті. Осы бәйгенің бірінші орнын бейнеулік Таңатаров Әбуғалидің «Мұрсат торысы» алса, екінші орынды атыраулық Жанбала Жандарбектің «Айқоңыр» аты, үшінші орынды Ақтау қаласынан келген А.Абдулдановтың «Сұңқар» аты алды. Бұл бәйгеде төртінші және бесінші орындарда келген аттарға да жүлде беріліп, марапатталды.
Аламан бәйгенің бірінші орнына бас жүлде - «Нива» автокөлігін тіккен «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ-ның директоры Төкен Танаевич ат иесі Ә.Таңатаровқа автокөліктің кілтін тапсырды. Сол секілді аламан бәйгеде екінші орын алған ат иесі Ж.Жандарбекке – мотоцикл, үшінші орын алған ат иесі А.Абдулдановқа - тоңазытқыш, төртінші орын алған «Толағай» аттың иесі Р.Құдайбергеновке - теледидар, бесінші орын алған «Тойдуман» аттың иесі Маңғыстау ауданы «Қияқты» елді мекенінен келген Қ.Әлиевке - кір жуғыш машина жүлделері берілді.
Қазақтың қанына сіңген тағы бір ұлтық ойындардың бірі қазақша күрес екендігі белгілі. Сондықтан той болса күрессіз өтпейтінін көпшілік біледі. Осы тойда да күрестен 80 келіге дейінгі және түйе палуандар арасында жарыс өтті. Оған бейнеулік палуандар да қатысып, күш сынасқан болатын. Нәтижесінде 80 келіге дейінгі палуандардан республикалық жарыстарда жеңімпаз болып, жүлде алып жүрген палуанымыз Жандос Салиев бас жүлде - 250 мың теңгені алды. Екінші орын алған ақтаулық Б.Мырзаев - 150 мың теңге, үшінші орын алған бейнеулік Н.Папау - 100 мың теңге жүлдемен марапатталды. Сол секілді түйе палуандардың белдесуіне 13 палуан боз кілемге шықты. Олардың арасынан спорттық шеберлігі және білек күшімен басым түскен ақтаулық Ж.Мейранбек бірінші орынды иеленіп, 500 мың теңге екінші орын алған Н.Сәлімгереев - 300 мың теңге, үшінші орын алған ақтаулық Ғ.Шолтанов - 200 мың теңге жүлдені иеленді.
Сөйтіп палуандар жанкүйерлерін қуанышқа кенелтті. Осы ұлттық спорттық жарыстарға демеуші болған атыраулық Жұмағұлов Төкен Танаевич, бейнеулік жеке кәсіпкер Мұратбек Жауперов, «ҚазАзот» ЖШС «Шағырлы-шөмішті» кенорны филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Абзал Меңдібаев тапсырып, құттықтады.
Жарыс жеңімпаздарының көбі бейнеуліктер болды. Әрине, бұл да Бейнеудегі спорт өнерінің дамығандығының бір айғағы екендігін аңғартады.
Кәрісбай ӘДІЛ