Өткен жаз мезгілінде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша «Ақтау қалалық жастар орталығының ұйымдастыруымен 300 бала жұмыс жасады. Оның 200-ге жуығы - оқушы.
Солардың бірі - Нұралхан Сабиұлы. Ол бұл жазғы демалысты еңбекпен ұштастырып, тиімді өткізгенін айтты.
«Үш ай жазға көптеген жоспар құрғанмын. Алғашқы жоспарымның бірі “Ақтау қалалық жастар орталығына» жұмысқа жазылу болатын. Мақсат қойдым, жоспарым іске асып, жұмысқа орналастым. Мұнда қала ішіндегі қураған шөптерді жинадық. 1 ай жұмыс жасап, айлық алдым. Бір жағынан экологияға, екінші жағынан өзіме пайдалы іспен айналыстым деп ойлаймын. Жастарға айтарым осындай мүмкіндікті пайдаланып, жазғы демалысты тиімді етуге болады», – деді Нұралхан.
Оның айтуынша ендігі мақсаты – 2018-2019 оқу жылында тарих пәнінен олимпиададан жүлделі орын алу, оқу жылын үздік аяқтау.
Биыл Ақтау қалалық жастар орталығы арқылы 19 маусым мен 18 шілде аралығында 180 бала еңбекке тартылса, екінші лек 19 шілде мен 17 тамыз аралығында 167 бала жұмыспен қамтылған.
«Негізгі жұмыс – қала ішінде қураған, арам шөптерден тазартып, жинау, қаланы абаттандыру. Жастар 31-32-ші шағынаудан аралығын, 11 шағынаудан «Заман», «Жігер» сауда орталықтарының жанын, Ботаникалық бақтан бастап 14 шағынауданға дейінгі территорияларды тазалады», – деді жастар кәсіпкерлігін қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің маманы Дина Тегісбаева.
Айта кетерлігі, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 14 жасқа толған жастар қабылданады. Мұнда жұмыс сағат таңғы 9:00-дан түскі 13:00-ге дейін жалғасады. Жастар бұл еңбегі үшін 35 мың теңге айлық алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылы Астана қаласында «Жасыл ел» атты жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылған еді. Қазіргі таңда барлық облыста бағдарламаның филиалы жұмыс істейді. «Жасыл ел» бағдарламасының мақсаты - жастарды еңбекке баулу, елімізді көгалдандыру, көркейту, экологиялық мәселелерді шешу. Осы мақсатта «Ақтау қалалық жастар орталығы» да жыл сайын жазғы уақытта жастарды жұмыспен қамтиды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61129,61130"]