Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 6 мұғалімі 3-7 қыркүйек аралығында Итальяның Бользано қаласында өткен «ECER-2018» (European conference of educational researches) халықаралық конференциясында зерттеу жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Білім саласындағы зерттеу тақырыбына арналған дәстүрлі конференцияға әлемнің 48 елінен үш мыңға жуық педагог қатысты. Бұл жөнінде зияткерлік мектептің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ақтау қаласындағы зияткерлік мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Асель Батталова мен тарих пәнінің мұғалімі Татьяна Шихарева (командалық жұмыс), ағылшын тілі пәні мұғалімдері Гүлнұр Ізбасова мен Нұрзада Ермаганбетова және Алтын Келімбердиева, Гүлден Сүйіндікова білім ордасында жүргізген зерттеулерінің нәтижесімен көпшілік алдында бөлісті.
Өткен жылы 10 сынып оқушыларының халықаралық IGCSE емтиханын тапсыруға дайындығын тексеруге арналған бақылауда оқушылардың көпшілігі ағылшын тілінде жазылым дағдысынан орта деңгей көрсетті. Кафедра мұғалімдері бірігіп, жазылым дағдысына үйретудегі өздерінің кемшін тұстарын ескере отырып, шетелдік әріптесіміз Дэвис Брайнның семинарына қатыстық. Бұл семинарда алған білімімді сабақта қолданып, екінші тоқсан кезеңінде бұл әдіс негізінде оқушылар жазылым дағдыларын біраз жақсартты. Нәтижесінде халықаралық емтиханда менің сыныптарым жазылым дағдысынан бүкіл 10 сыныптар арасында жоғары балл жинады. Осы тәжірибедегі бақылауларымды зерттеу жұмысына айналдырып, конференцияда қорғадым. Жиынға қатысушылар мектеп мұғалімдерінің іс-әрекетті зерттеу бойынша қадамдарына оң баға беріп, жазылым жұмысы бойынша тіпті ағылшын тілі-ана тілі болып есептелетін мектептерде де, бұл проблеманың кеңінен орын алғанын атады, - дейді конференцияға қатысқан Алтын Келімбердиева.
Мектеп мұғалімдерінің зертету жұмыстарын жүргізуге қызығушылығы күн санап артып келеді. Мәселен өткен оқу жылдарында халықаралық деңгейдегі жиындарға 2-3 ұстаз ғана барған еді. Білім ордасындағы зерттеуші-мұғалімдердің көбеюіне ұстаздардың әс-әрекетті зерттеу (Action research) және сабақты зерттеу (Lesson study) жұмыстарын көптеп жүргізіп, нәтижелерін әріптестерімен көбірек бөлісуі әсер етіп отыр.
Зияткерлік мектептегі зерттеуші мұғалімдердің қатарының өсуіне білім ордасының жыл сайын ұйымдастыратын іс-әрекетті зерттеуге арналған облыстық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуі көп әсерін тигізді деуге болады. Бұл конференцияға тәжірбиені бөлісу аясында Маңғыстау облысындағы пилоттық мектептер мен өзге де жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдері қатыстырылды. Тағы бір ескере кететін жайт, мектебімізде әр сенбі сайын мұғалімдерге арналған ішкі курстар ұйымдастырылады. Іс-әрекет пен сабақты зерттеу осы әдістемелік сағатта қарастырылады. Аталған конференцияға негізі 7 зерттеу жұмысы мен 13 мұғалім өткен еді, - дейді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Бақытгүл Жақсылықова.
Қазіргі кезде мектеп оқушысынан білім мен қабілет көп талап етіледі. Ал балаға сапалы білім беру үшін мұғалім кәсіби тұрғыдан өсуі қажет. Бұл тұрғыда «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ ұстаздарға көп мүмкіндік жасауда, - дейді ағылшын тілі пәні мұғалмі Асель Батталова.
Ұстаздар іссапардан оралғаннан кейін мектеп мұғалімдеріне арналған мектепішілік курста өз жұмыстарымен бөлісіп, бақылауларын, конференция туралы ойларымен бөлісіп, зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде кеңес берді.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60855,60854,60853"]