Бұл туралы Ақтауда Өңірлік коммуникациялар алаңында «Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасының орындалуы» тақырыбында өткен брифингте айтылды. Шараға Ұлттық Банктың Маңғыстау облысы бойынша филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Нұртас Машанов және «Цент Кредит Банкі» АҚ бөлшекті офисінің басқарушысы Халил Тілеуқұлов қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың наурыз айында елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастама ұсынған болатын. «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүкіндіктерін беру» атты бірінші бастаманы іске асыру аясында осы жылдың мамыр айында Қазақстан Ұлттық Банкі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» ипотекалық ұйымын құрды.
«Ұлттық Банктің Маңғыстаудағы филиалы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ қала және аудан әкімшіліктерінде, мемлекеттік органдарда, әртүрлі кәсіпорындарда, адамдардың көп шоғырланған жерлерінде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша 202 өтінім берілген. Оның ішінде 147 өтінім мақұлданған. Ал шілде айынан бастап 97 адамға үй беріліп отыр», - деп атап өтті брифингке қатысушы Нұртас Машанов.
Оның айтуынша, ипотеканың жылдық өтінімі - 7 %. Ал қарызды алу мерзімі 25 жылға дейін. Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында үйдің ең жоғарғы бағасы 25 миллион теңге, басқа өңірлерде 15 миллион теңгені құрайды. Бaғдapлaмaғa Қазақстан Республикасының еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі және басқа ипотекалық қарызы жоқ кез келген азаматы қатыса алады. Сондай-ақ қарыз алушының төлем қабілеті міндетті түрде тексеріледі деп айтты.
«Бағдарлама бойынша біз шілде айынан бастап жұмыс жасадық. «7-20-25» бойынша Ақтаудағы 16,17,34,32 шағынаудандағы үйлер берілді. Айта кетейін, қазір енді 40 өтінім мақұлданып, несие беру процесі жүріп жатыр. Ипотекаға беріліп жатқан үйлердің бағасы шаршы м2 – 150-160 мың теңгені құрайды. Тұрғындар үйді алғашқы жарнасы 20 пайызбен ала алады. Бағдарламаның күрделілігі – әлеуметтік маңызы бар бағдарлама. Яғни, қаржылық талдауды қажет етеді. Несиені алу үшін бізге 200-ден астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде 22-нен бас тарттық. Несие алушылардың айлық кірістерін міндетті түрде есептейміз», - деді «Цент Кредит Банкі» АҚ бөлшекті офисінің басқарушысы Халил Тілеуқұлов.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде қойылған жоспарға сәйкес «Баспана» ипотекалық ұйымы мен 8 екінші деңгейдегі банктер арасында тиісті келісімшарттарға қол қойылған. Олар Центркредит Банкі, АТФ Банк, Цесна банк, РБК Банк банктеріне «7-20-25» бағдарламасы аясында өтініш беруге болатындығын, сондай-ақ жылдың соңына дейін осы бағдарламаға Сбербанк қосылады деп жоспарланып отырғандығын да саралап айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ