Астанадан Арқалық пен Торғай арқылы өтетін көлік ағынын қамтамасыз ету үшін біздің бірінші кезектегі міндетіміз - Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы бар желілерді қалпына келтіру. Үкімет сағатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Орталықты батыспен байланыстыру үшін ұзақтығы бойынша масштабты Орталық-Батыс жобасын іске асырып жатырмыз. Жобаға Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш, Ақтөбе-Атырау-Астрахань және Атырау-Бейнеу-Ақтау бағыттары кіреді. Астанадан Арқалық пен Торғай арқылы өтетін көлік ағынын қамтамасыз ету үшін біздің бірінші кезектегі міндетіміз - Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы бар желілерді қалпына келтіру. Бүгінгі күні Атырау-Бейнеу-Ақтау (798 км) учаскесі толық реконструкцияланған. Биыл Қандыағаш-Мақат (299 км) учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Ж.Қасымбек Мәжіліс үйінде өткен жиында.
Министрдің мәліметінше, бұл жобаның кешіктірілуі Ислам даму банкінің қаржыландыруынан бас тартып, басқа қаржы көздерін қарастыру себебінен болды. Осыған байланысты, Ақтөбе-Қандыағаш (60 км) және Атырау-Астрахань (60 км) учаскелерінде 120 шақырым жолды реконструкциялау республикалық бюджет есебінен басталды, ал 2019 жылы барлық қашықтықта жұмыстар жүргізіледі.
«Жалпы бұл учаскелер 2021 жылы аяқталады. Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш учаскесі бойынша келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстарын аяқтаймыз және құрылысты 2020 жылдан кейін бастаймыз. Сондай-ақ шекара бойындағы аймақтардың көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту үшін Ресей Федерациясына шығатын Орал – Тасқала (100 км), Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (61 км) жобалары іске асырылуда. Қытай Халық Республикасына шығатын Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Үшарал – Достық (184 км), Таскескен – Бақты (20 км) жобалары да қолға алынған. Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасына шығатын Бейнеу – Ақжігіт (85 км) автожолдары реконструкцияланып жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек.