©
Мен 1958 жылдан бастап Форт-Шевченко қаласының жанындағы Баутиндік мұнай базасының директоры ретінде жұмыс жасаған кезеңде жұмыс орныма екі полковник келіп, «біздер жартылай әскери құрылыс мекемелерінің» басшыларымыз, Каспий теңізінің жағасында Меловой деген (1-шағынауданның теңіз жағалаудағы) мүйістен бастап жаңа қала салуға келдік. Біздің жанар-жағар майларды алуға көліктеріміз осы жерден 150 шақырымнан келгенде, оларды бос қайтармауыңызды сұраймыз. Біздің ақшамыз уақытында төленбеуі, болмаса мұнай өнімдерін алуға берілетін қорларымыздың кешігіп келуі мүмкін. Бірақ біз борышты болмаймыз. Солар «біздердің мекемелеріміз тікелей Мәскеуге қарайды» деген соң, олардың сұраныстарын қанағаттандырып тұрдық. Бұлардың біреуі – «475-пошталық жәшік» атты ірі құрылыс мекемесінің бастығы инженер-полковник Виктор Кузьмич Захаров еді. Сол кісінің шақыруымен кейін 1960 жылы осы құрылыс мекемесінің мұнай базасының құрылыс шебері, кейін оны пайдалануға бергенде бастығы болып, өз мамандығым бойынша жұмыс жасаған кезде құрылыс нысандары мен өндірістік кәсіпорындардың қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз етіп тұрдық (мен 1957 – жылы Сталинград мұнай техникумының «Мұнай мен газды тасымалдау және сақтау» бөлімінде оқып, «техник-механик» мамандығын алдым).
Ақтау қаласы құрылысының іргетасы 1959 жылы қаланды деуге болады. Алғашқы құрылыс шеберлерінің бірқатары әлі есімде. Олардың ішінде жақсы білетіндерім: Борис Борисов алғашқы теңіз суын тұшыту қондырғысы құрылысында, Колодий Анатолий су жүйелерін салуда, Рыжков Владимир үй құрылысында, Хожаев Сергей алғашқы жылу электрстанциясының іргетасын қалауда болды. Борисов Борис Михайлович кейін өз мамандығы (тұщы су шығару) бойынша бірнеше қызметкерлермен бірге Лениндік сыйлықтың иегері атанды. Ақкөңіл жақсы жігіт еді, онымен достық қатынаста болдық. Әттең, жасы 40-тар шамасында жүрек ауруынан қайтыс болды. Оның әйелі Борисова Наталья Маңғыстау облыстық оқу бөлімі бастығының орынбасары болған.
Қаланың құрылысы 3-шағынаудандағы алғашқы «Каспий» (қазіргі «Аққу») дүкенін, соның қасындағы алғашқы екі қабатты асхананы (кейін «Орда» дүкені болған) және соларға жалғас алғашқы тұрғын үйлерді салудан басталды.
1961 жылы қаланың салынатын жеріне орналасқан «Қазақ» және «Орыс» ауылдарын (жертөле үйлерді) жою үшін ағаштан құрастырылатын 20 екі қабат 16 пәтерлік үйлерді және 3 «а» шағынаудандағы моншаны салуға жұмыстан кейінгі уақыттарда (комсомол комитетінің шақыруымен) еңбекақысыз қатыстық. Алғашқы демалыс орындарының бірі қазіргі «Ақбота» саябағында жазғы кинотеатр және би алаңы салынып еді, бірақ олардың жойылып кеткені өкінішті болды. Солар қайтадан салынса, ауасы оттегіге мол демалыс орындары болар еді.
(Сол кинотеатрда көркем үйірмелердің қатысуымен ән салғандарымыз, «Жүрек есі» деген пьесада ойнағандарымыз әлі есімде).
Қаланы көгалдандыру жұмысына көп көңіл бөлініп, жаяу жолдардың қапталдарына екі қатар ағаштар егілген еді. Олардың дұрыс сақталғандары «Аққу» дүкенінен бастап әлі бар. Қаланың алғашқы бас жоспарында оның шеттерінде орман-белдіктер салу қарастырлған еді. Мүмкін болашақта ондай шаралар іске асатын шығар. Құрылысы біткен шағынаудандарда бос жер қалдырылмай, шағын ормандар, гүлзарлар мен су бұрқақтарын көбейту керек.
Қазіргі жағдайда қаланы көгалдандыру мәселесі дұрыс шешілмеген сияқты. Ағаш отырғызатын жерлерде автокөліктер мен сауда дүңгіршектері қаптап кетті. Кейбір жерлерде гүлзарлардың қапталына ақ уақ тастар егіліп, «жаңалық» жасалған. Ескі ағаштарға уақытында су құйылмағандықтан олар кесілуде және ондайлар төменгі шағынаудандарда әлі бар. Кейбір жерлерде тротуарлар жоқ, барлары жөнделмейді. Автокөліктер кез келген жерлермен жүргендіктен, қаланың ішінде шұңқырлар көбейіп кеткен.
Қаланың мерейтойын жақсы атап өтеміз десек, оны жан-жақты аялап және жақсы күтейік, ағайын.
Көркембай АЛДАНИЯЗОВ