©
28-маусымда Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов «Ақкетік арайы» газетінің ұжымын Баспасөз күніне орай қабылдады. Қабылдауда сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Айкүміс Досанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Демеген Садықов, Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Дощанов, «Азаматтық бастама» және «Хазірет» үкіметтік емес ұйым жетекшілері Гүлсім Рамашева мен Күрең Медеуова, бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мамандары да болды.
Аудандық әкімдіктің Ішкі саясат бөлімінің бастығы Алмагүл Ордабаева сонау 1931 жылдан басталатын аудан журналистикасының тарихына қысқаша шолу жасап өткеннен кейін, аудан басшысы сөз алып, газет ұжымын кәсіби мерекесімен құттықтады. «Аудан өмірінің барлық жаңалық-хабарлары, игі бастамалар, проблемалар сіздер арқылы халыққа жетіп, қоғамымызды ортақ іске ұйытып келесіздер. Осы еңбектеріңізге табыс, шығармашылықта шабыт тілеймін!» деді Темірбек Асауов. Ол «Ақкетік арайы» газетінің редакторы Милана Елеусіноваға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Аудан басшысы сонымен бірге Милана Елеусінова мен тілші Айсағали Қыдырға тарихшы Жетібай Жылқышыұлының 9-томдық «Адай шежіресі» кітабын сыйлады.
«Ақкетік арайы» газетінің аудан өміріндегі алар орны А.Досанова, Д.Садықов, М.Дощанов, Г.Рамашева, К.Медеуова, «Жастар орталығының жетекшісі Г.Бөлтенова, аудандық білім бөлімі мен «Мәдениет және спорт бөлімінің жауапты маманы Ұлболсын Қалақаева мен аудандық білім бөлімінің маманы Сәндігүл Төлеева сөздерінен де көрініс тауып, жақсы бағаланды. Жауап сөздерінде А.Қыдыр мен М.Елеусінова аудан басшылығына, қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне ұжым атынан рахмет айтып, ауданымыздың рухани байып, өрлеуіне қызмет ету – қасиетті парызымыз және соған сай шығармашылықпен еңбек ете беретіндігін жеткізді.
Жылдағы дәстүр бойынша Түпқараған аудандық ішкі саясат бөлімінің анықтауымен «Ақкетік арайы» газетіне белсенді жазылушы жым ретінде «Су жүйесі» мекемесін марапттады.
Анар РАХИМБЕКОВА