Еліміздің Батыс аймағының судьялары Маңғыстауда бас қосты. Биыл ХІ рет өткізіліп отырған спартакиадаға Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының судьялары жиылды.
Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, әкім орынбасары Мақсат Сқақов, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, өңірдің спорт, мәдениет, құқық қорғау саласының өкілдері мен сот жүйесінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Ералы Тоғжанов қатысушыларды құттықтап, лебізін білдірді.
Маңғыстау облыстық сотының төрағасының м.а. Нұрсапа Примашев тоғызыншы рет өтіп жатқан байрақты бәсекенің Елордамыз Астанаға 20 жыл, Ақтау қаласына 55 жыл толуы қарсаңында өткізіліп отырғанын айтты. Сот билігі өкілдерінің тек сот төрелігін жүргізіп қана қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласатындығын тілге тиек етті.
Бүгінде Судьялар қауымдастығы әр екі жыл сайын спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Жоғарғы Соттың бұрынғы төрағасы Қ.Мәмидің бастамасымен бұл үрдіс 2002 жылдың қыркүйегінен бастау алған болатын.
Спартакиадада әр облыс соттарынан 25 адамнан құралған командалар қатысып, ерлер шағын футбол, волейбол, теннис, бильярдтан сынға түссе, ерлер мен әйелдер үстел теннисі, шахмат және дойбыдан бақ сынады.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі өңірде спартакиаданың ашылуы ұлттық стильде ұйымдастырылды. Бұл күні қонақтар назарына Маңғыстаудың мақтанышына айналған ұлттық аспаптар оркестрі, әншілер мен бишілер өнер көрсетсе, республикаға танымал дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киім үлгісінің жаңа топтамалары да таныстырылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақтың қастерлі дүниесіСалтанатты рәсім соңы дарабоздарды анықтайтын жарысқа ұласты.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы ойын қорытындысы бойынша жүлделі І орынды шағын футбол мен волейболдан Маңғыстау облысы соттарының командасы иеленсе, теннистен Қызылорда қалалық №2 сотының төрағасы Айбек Әбу қанжығалаған.
Бильярдтан Ақтөбе облыстық сотының алқа төрағасы Қайырбек Елемесов, дойбыдан ерлер арасында Атырау облысы Индер аудандық сотының судьясы Әділ Құспанов, әйелдер арасында БҚО Қаратөбе аудандық сотының төрағасы Бақытгүл Жаңгірова, шахматтан ерлер арасында Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық №2 сотының төрағасы Аслан Мұқанов, әйелдер арасында БҚО-дан Қаратөбе аудандық сотының төрағасы Бақытгүл Жаңгірова,үстел теннисінен ерлер арасында Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық сотының төрағасы Асхат Әбдіров, әйелдер арасында БҚО Орал қалалық №2 сотының судьясы Хатима Ерсенова иеленді. Сонымен қатар, ІІ, ІІІ орын иегерлері мен түрлі номинациялар бойынша үздік ойын көрсеткен ойыншылар да анықталды. Барлық жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен медальдар, дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57169,57168,57167,57166,57165,57164,57163,57162"]