Бүгін Ақтаудағы «Жеңіс» алаңында «Радиациялық апат құрбандарына» арналған ескерткіш ашылды. Шара МО Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Шалом» Еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық «Чернобыль» Одағының төрағасы Юрий Кержбаумның ұйымдастыруымен өтті.
Оған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко, Қазақстандағы Украина істеріндегі уақытша сенімді өкілі Владимир Джиджора, Чернобыльдіктер құрған республикалық және аймақтық қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен төраға орынбасарлары қатысты.
Бүгінгі шара бейбіт өмірде үлкен көлемде экологиялық және экономикалық апат әкеліп, он мыңдаған адамның өмірін алып кеткен Чернобыль апатының, басқа да радиациялық апат құрбандарын еске алуға арналды. Атом энергиясының адамзатқа пайда ғана емес, сонымен бірге әкелген ауыр зардаптарын ескеріп, тарихтан сабақ алуға үндеді.
Апат құрбандарына арналған естелік стелланың ашылуында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко, салтанатты шараның құрметті қонағы Владимир Джиджора, «Чернобыль» одағы республикалық ассоциациясының төрағасы Мустафа Хусаинов сөз сөйлеп, құрбандарды еске алды.
Бұдан соң олардың құрметіне 1 минут үнсіздік жарияланды.
Бұрынғы кеңестік жүйе өзінің құрамындағы одақтас, бодан елдердің халқына адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған аса қатерлі қастандық жасады. Қазақстан аумағында атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін арнайы 18 млн. га жер бөлініп, 1949 жылы Семей ядролық полигоны ашылды. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен.
Стелла салтанатты түрде ашылып, жиналғандар гүл шоқтарын қойды.
Осы орайда облыстық «Чернобыль» Одағының төрағасы Юрий Кержбауммен Ескерткіш төңірегінде әңгімелесуді жөн көрдік.
- Сәлеметсіз бе, Юрий Израильұлы, мұндай ескерткіш орнату идеясы қашан пайда болды?
- 2006 жылы чернобыльдықтармен өткен конференцияда алдымызға екі мақсат қойылды. Бірі – құрбандарға арнап кітап шығару, бірі – ескерткіш орнату. Мұндай ескерткіш еліміздің бірнеше қаласында бар, бұған дейін орнатылған. Өкінішке қарай, Қазақстан атом энергетикасының отаны Ақтауда ол туралы еске де алмады. Біз мақсатымызға жету жолындағы жұмыстарымызға кірісіп, кітапты 2011 жылы шығардық. «Маңғыстаулықтар көмекке келеді» деп аталады. Ал стелланы ашу бүгінге бұйырған екен.
- Ескерткіш кескіні қандай мағына береді?
- Үш жапырақтың ортасында шар орналасқан. Шар бұл – атом, жапырақтар – бұл адамның қолдары, білімі, адами кәсібилік. Осы үш жапырақ шарды сенімді түрде қоршаған. Атом ойыншық емес, егер онымен ойнасаң, нәтижесі Чернобыльдағыдай болмақ.
- Үш жапырақ пен шар арқылы бейнелеу идеясы қайдан пайда болды?
- Бұл идея пайда болған соң жүзеге асыру үшін 4 жылдай органдарға, басшыларға айтып жүрдік. 2011 жылдың 10 қаңтарында облыстық ассамблеяда осы мәселені айтқанымда сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаев Ақтау қаласының әкіміне оны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Бірақ сәуір айында Қ.Елеуұлы басқа қызметке ауысып кетті де, ескерткішті салу уақытша тоқтап қалды. Сонымен біз 2011 жылы ескерткішке арналған орынға ғана қол жеткіздік. Сол кездегі Ақтау қаласының әкімі қазіргі ескерткіш орнатылған жерді берді. Содан соң біз стелла кескініне конкурс жарияладық. 12 жоба ұсынылды. Ескерткіш қанша дегенмен қала аумағында тұр ғой деп, іріктеуге қалалық әкімдік өкілдерін де шақырдық, дегенмен ешқандай жауап болмады. Сөйтіп одақ мүшелері болып өзіміз іріктеп, қазіргі жобаны үздік деп таныдық. Авторы – Арслан Хайруллаев есімді жігіт. Біз, чернобыльдықтар, кітапқа, ескерткішке деп азын-аулақ қаржы жинадық. Арслан Хайруллаевқа үздік жобасы үшін 100 мың теңге табыстадық. Міне, идея осылай пайда болды. Дәл осы жоба қалған 11-іне қарағанда бәрімізге ерекше ұнады.
- Ескерткіш орнату жұмыстары қашан басталды?
- Өткен жылы Ералы Лұқпанұлы әкім болып тағайындалғаннан кейін 20 маусымда осы жоба жөнінде кездесіп айттым. Ол кісі орынбасарларына, көмекшілеріне орындау туралы тапсырма берді. Дәл 1 жыл бұрын мен қабылдауында болып осы мәселені айтқанмын, ал бүгін оның ашылуын өткізіп жатырмыз. Өңір басшысы айтты, орындады. Чернобыльдықтар құрбан болғандарды жиі еске алып, құрмет көрсетіп жүру үшін бұл ескерткішті орнатуды қалады. 138 тұлға қаза болған болса, бүгінгі шарада 40-тан астамының портреттері қойылды. Олардың туыстары, ұрпақтары қатысты.
- Ал жоғарыда айтқан кітапқа тоқталсақ. Онда не жарық көрді?
- Бұл кітапты шығарар алдында Чернобыль куәгерлеріне арнайы анкета берілді. Олардың әрқайсысы апатқа қалай тап болғаны, сезімдері, қандай әрекетке барғандары жайында кеңінен баяндайды. Былайша айтқанда жинақталған мәліметтер бойынша жарық көрді. Апатты көзімен көрген, сонда болған жандардың шынайы естелігіне негізделді.
2012 жылы желтқсанда БҰҰ 26 сәуірді «Халықаралық радиациялық апат құрбандарын еске алу күні» деп белгілеуге шешім қабылдады. Сондықтан біз бұл ескерткішті тек Чернобыль құрбандарын емес, барлық радиациялық апаттан мерт болған жандарға, әлемнің әр түскіпіріндегі апат құрбандарына арнадық. Оларды еске алуға осы ескерткіш жанына келуге болады. Сондықтан да ескерткіште Чернобыль демей, «Радиациялық апат құрбандарын еске алуға арналған» деп жаздық.
- Ескерткішті орнатуға кім демеушілік етті? Қанша қаржы жұмсалды?
- Биыл "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" өзінің 50 жылдығын тойлап жатыр ғой. Бүгінгідей ескерткіш жарық көрген ең соңғы қалада, яғни МАЭК-те, Қазақстанның атом энергетикасы дүниеге келді. Осы мекеме өзінің 50 жылдық, Ақтаудың 55 жылдық мерейтойы қарсаңында қалаға осындай стелланы сыйға тартуды жөн көріпті. Құны – 80 млн теңге. Ұжымға бұл үлкен сыйлығы үшін зор алғысымды білдіремін.
- Әңгімеңізге рақмет!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57087,57088,57089,57090,57091,57092,57093"]