Соңғы екі аптада жедел тараған менингококк инфекциясы жайлы ақпараттан түгеліміз құлағдар болып үлгердік. Қысқа мерзімде 12 адамның көз жұмуы да көңілге қаяу түсіріп, уайымды күшейтті. Алматы аумағында басталып, Талдықорған, Қызылордаға жеткен індет Маңғыстау жұртшылығын да алаңдатпай қоймады. Сондықтан облыстағы денсаулық саласы мамандары журналистермен кездесіп, мәселеге қатысты сауалдарға жауап беріп, сақтық шараларын қаперге берді.
Облыс аумағында инфекция жұқтыру дерегі тіркелмеген. Қоғамдық департамент ұйымы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірігуімен штаб құрылған. Мұндай індет тіркелген жағдайда ауылдық, қалалық емханалар, облысымыздың кез келген ауруханасы сақадай сай дегенді айтты мамандар. Олардың мәліметіне сүйенсек, облыс аймағында менингококк инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Жыл басынан бері 391 адам тексеріліп, ешқандай белгі анықталмаған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ағаштар неге шөлдейді?- 2015 жылы бұл инфекциямен 11 жағдай кездессе, 2016 жылы ешқандай оқиға орын алған жоқ. 2017 жылы 2 дерек тіркелді. Олардың барлығы уақытында дәрігерге хабарласқандықтан, ешқандай асқыну болған жоқ. Дер кезінде емделіп, бәрі сауығып кетті. Биыл облысымызда ондай дерек болған жоқ, дегенмен еліміздегі жағдайға байланысты барлық қауіпсіздік шараларын жасадық. Қажетті құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, палата, дәрігерлеріміз дайын. Мамандарымыз осы сырқатты емдеуге байланысты арнайы білім алған. Тек тұрғындар ауру белігелерін байқаған жағдайда дереу хабарласуы керек, - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Бекмұрат Өтесінов.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз мәлімдемесінде аталмыш инфекцияға қарсы вакцина егудің тиімсіздігін айтқан болатын. Бұл тұрғындардың бір бөлігінің наразылықтарын да тудырды. Бүгінгі жиында мамандар екпе егуге қатысты министр мәлімдемесін тағы бір кеңінен түсіндіріп өтті.
- Кеше министр брифингтегі сөзінде вакцинаның қажеті жоқ дегенді айтты. Неге? Өйткені иммунитет оны пайдаланғаннан бірнеше уақыттан кейін, шамамен ек-үш айдан соң пайда болады. Дәл қазіргі уақытта вакцинаның әсері болмайды, сондықтан қажеттілігі жоқ. Ол екпелер күнтізбесіне енгізілмеген. Бірақ бұл жөнінде Ұлттық Комиссия жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта комиссия оны қажет деп тауып, шешім шығарылса ғана тізімге енгізіледі, - дегенді айтты Бекмұрат Бұхарұлы.
Қазіргі таңда ауруға қарсы екпелер қажылық сапарына баратын азаматтарға ғана салынады. Ал ақылы екпе қабылдаймын дейтіндер үшін мамандар белгілі бір қалаларда арнайы кабинеттер ашылғанын жеткізді.
- Бүгінгі таңда менингитке қарсы республикада қажылық сапарға баратын адамдар ғана егіледі. Қажылық сапар ораза аяқталған соң 70 күннен кейін басталады. Сол бойынша қазір біз облыста қанша адам сапарға шыққалы отырғанын анықтап жатырмыз. Жалпы республикаға 4600 доза вакцина келді. Бағасы 22 мың мен 25 мың теңгенің арасында. Оның күші адам ағзасында екі жылға дейін сақталады. Вакцинаның Алматы облысы, Алматы, Астана, Тараз және Шымкент қалаларында ақылы егілу кабинеттері бар. Сонымен қатар 8-8000-700-830 нөмірінде қауырт желі жұмыс істейді. Оған хабарласу арқылы толық ақпарат алуға болады, - деді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Гүлшат Шорбасова.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ