Кәсіподақтар күнін мерекелеуде және Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қаражанбас» АҚ кен орнында қызметкерлер арасында спартакиада өтті. Спорттың футбол, волейбол, арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеруден өткен жарысқа мұнайшылар белсене қатысты.
-Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану-деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Сондықтан да жылына бірнеше рет мекеме қызметкерлерінің арасында әр түрлі бағытта спорттық жарыстар ұйымдастырып отырамыз. Бұл жолы кәсіподақтар күніне орай спорттық жарыстар өткіздік. Футбол, волейбол, арқан тарту, қол күресі, ,гір тасын көтеруден өткен спорттық жарыстарға мекеме қызметкерлері белсене қатысты. Енді күз айында мұнайшылар күніне орай үстел теннисінен, шахматтан, дойбыдан жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз,-деген «Қаражанбасмұнай» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлемұрат Жауынбайұлы кәсіподақта 1700 мүше бар екенін атап өтті.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимылмен шеберлiктi талап ететін жарысқа мекеме қызметкерлері белсене қатысты. Жеңіс тұғырынан көріну үшін бар өнерін салып, әдемі ойын үлгісін көрсете білді.
-Спорттық жарыстарға жыл сайын қатысып тұрамыз. Өткен жылы футболдан өткен жарыстан үшінші орынды иелендік, биыл екінші орыннан көріндік. Алдағы уақытта дайындығымызды жақсартып, ендігі жарыста жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тағамыз деген сенемдеміз. Алғашқы кездесуімізді 4:3, екінші кездесуді 5:0 есебімен ұттық. Жартылай финалда қарсыластарымызды 3:1 есебімен озық түсіп, ақтық сында қарсыластарымызға жол бердік, есеп 5:3. Осылайша біз екінші орыннан көріндік,-дейді бу өндіру цехының команда жетекшісі Сұңғат Набиев.
Тарысты өткен спорттық жарыстар қорытындыланып, жарыс жеңімпаздары қаржылай сыйлықтарға ие болып, алғысхаттармен марапатталды. Марапаттау рәсіміне облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, орталық төрағасының орынбасары Мержан Тұманов арнайы қатысты.
-Биыл Қазақстан кәсіподағына 111 жыл толып отыр. Бір ғасыр бұрын Қарағанды облысында кәсіподақтың алғашқы комитеті құрылған болатын. Бүгінде сол ұйымымыз үлкен алпауыт күшке айналды. Қазіргі таңда елімізде кәсіподақ ұйымында 2 млн. 200 мың мүше бар. Оның 70 мыңын маңғыстаулықтар құрайды. Кәсіподақ ұйымының басты мақсаты-еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, оларға жағдай жасау. Осы бағытта біз облыста көптеген жұмыстар атқардық. Соның бір парасы-бүгінгі қорытындыланған спорттық жарыстар. Белсене қатысқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін,-деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков кәсіподақ жұмысына белсене атсалысқан бірқатар мекеме қызметкерлерін алғысхаттармен марапаттады.
Жарыс қорытындысында волейболдан МӨЦ-2 (мұнай өндіру цехы) командасы жеңімпаз атанып, 80 мың теңгеге ие болды. Сондай-ақ, ПЖИЖЦ (пайдаланылатын жабдықтарды икемдеу, жөндеу цехы) командасы екінші орынға тұрақтаса, үшінші орыннан БӨЦ (бу өндіру цехы) командасы көрінді.
-Мен осы мекемеде 2007 жылдан бері жұмыс жасаймын. Сол уақыт аралығында мекеме арасында өткізілетін спорттық жарыстарға белсене қатысып жүрмін. Бұл жолы волейболдан өткен жарысқа алты команда қатысып, бақтарын сынады. Барлығы да жарысқа жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Біздің еншімізге екінші орын бұйырды,-дейді пайдаланылатын жабдықтарды икемдеу, жөндеу цехынан құралған команданың шабулшысы Бекзат Жайлаубаев.
Футболдан бірінші орын ПЖИЖЦ командасына берілді, екінші орынды БӨЦ командасы, үшінші орынды ОИТҚ (орталық инженерлік, технологиялық қызмет) командасы қанағат тұтты. Кір тасын көтеруден Нартай Алтыбаев, Абу Баймұратов, Бақтияр Төлеубаев жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, қол күресінен Мейрамбек Маңғыбаев озық шықса, екінші және үшінші орынды Ринат Үкібайұлы мен Бақтияр Төлеубаев өзара бөлісті. Арқан тартудан бірінші орынды ПЖИЖЦ командасы иеленсе, екінші және үшінші орынды БӨЦ және мұнай өндіру цехы МӨЦ-2 командалары еншіледі.
Венера МИРЛАН