Осыған орай Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының балалар бөлімінде «Балалар жазушыларының «Кентавры» атты танымдық шара өтті. Ол 2 сәуір күні кітапханада бастау алған «Халықаралық балалар кітабы» апталығы аясында ұйымдастырылды.
Апталық мақсаты - жас оқырмандардың кітапқа деген ой – өрістерін кеңейту, жазушылар мен ақындардың туындыларымен жақын таныстыру.
Марат Қабанбай балалар мен жасөспірімдерге бірнеше кітаптың авторы. Ол 1948 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Қараүңгір ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. «Лениншіл жас» газетінде, « Жалын» баспасында Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте жұмыс істеген.
Шығармалары орыс, украин, неміс, молдаван, латын, өзбек тілдеріне аударылып, халықаралық деңгейдегі сүйіп оқитын жазушылардың біріне айналған.
«Бақ бақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчаль және қасапхана», «Пысық болдым мінекей», «Қала мен қыз бала», «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол», «Жиһанкез Тити» және тағы басқа шығармаларында бала болып сөйлеп, бала болып өмір кешкен.
Оқушылар оның бірнеше туындысымен жеке-жеке танысып, олар жайлы өз ойларын ортаға салды. Тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы толық мәлімет алып, танымын кеңейтіп қайтты.
Сондай-ақ, бүгін апталық аясында Ақтау қаласының 55 жылдығына орай «Ақтауым – алтын қазығым» атты сурет салу сайысы өткізілді. Оған қаланың бірнеше мектебі оқушылары мен «Облыстық балалар ауылы» тәрбиеленушілері қатысты. Үздіктер әртүрлі номинация бойынша дипломдармен марапатталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер облыстық кітапханадан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51270,51271"]