Маңғыстаудағы 53 мыңнан астам кәсіпкерліктің 23 мыңын қыз-келіншектер басқарады. Бұл туралы Ақтауда өткен Маңғыстау облысы іскер әйелдері кеңесінің ІІІ өңірлік форумында айтылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен кәсіпкер қыз-келіншектер жиналған форумға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.
Бүгінде Маңғыстаудың іскер әйелдері кеңесінің құрамында кәсіпкер қыз-келіншектердің 5 қауымдастығы жұмыс жасайды. Олар — «Маңғыстау облысының киім дизайнерлерінің одағы», «Маңғыстау облысының қолөнер шеберлері одағы», «Маңғыстау облысының интерьер дизайнерлері мен декораторлары», «Маңғыстау облысының кондитерлер гильдиясы» және «Маңғыстау облысының жекеменшік мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінің одағы».
Маңғыстау облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Салихованың айтуынша, Маңғыстауда шоғырланған 53 366 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 44%-ын, яғни 23 мыңнан астамын қыз-келіншектер басқарады.
«Атамекен» шағын қаржы ұйымы арқылы соңғы екі жыл ішінде қыз-келіншектер 404 млн теңгеден астам шағын несие алып, өз істерін бастаған. Басқаша айтқанда, осы екі жыл ішінде іске асырылған 166 жобаның 75-ін әйелдер ашқан. Жаңадан ашылған 408 жұмыс орынның 202-сін іскер әйелдер құрған. Бүгінгі таңда қыз-келіншектер барлық берілген несиенің 41%-ын игеріп отыр. Қыз-келіншектер бизнестің қай саласында да — мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығына қажет жем-шөпті дайындау, балалар мен үлкендерге арналған білім беру орталықтары, этно және эко туризмді дамытуда да алда. Отбасылық бизнестің алға жүруінде де осы әйелдердің үлесі бар.
Форумда «Атамекен» шағын қаржы ұйымы арқылы «Бастау» жобасы бойынша несие алып өз ісін бастаған Алтынгүл Қауқарова мен «Дария» әйелдер киімі маркасының негізін салған Әсел Жекенов бизнесті қалай басталғанына тоқталды.
«Қазақстан әйелдері жоғары білімді, алдына мақсат қоя білетін әрі өздерін жан-жақты дамытуға дайын жандар. Осы бағытта «Атамекен» жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Жылдан жылға іскер әйелдердің белсенділігі артып келеді. Қыз-келіншектердің белсенділігіне және «Атамекеннің» еліміздегі әйел кәсіпкерлігі дамуына қатысы барына қуаныштымын», – деді Тимур Құлыбаев.
Форум барысында Маңғыстаудың іскер әйелдері ерекше жобаны ұсынды. Ол — ел арасында жоғалып бара жатқан көне әрі ерекше қолөнер түрлерін білетін адамдарға қолдау көрсететін «Аңыз тұлға» жобасы.
«Көптеген елде мұндай адамдар толығымен мемлекеттің немесе басқа да ұйымдардың қамқорлығына алынады. Маңғыстауда мұндай адамдар бар, көпшілігі — жасы 65-тен асқан әйелдер. Сол өнер түрі жоғалып кетпей тұрған кезде ел арасындағы осындай жандарға қолдау көрсетіп, жас ұрпаққа үйретіп қалғымыз келеді», — деді Маңғыстаудың іскер әйелдері кеңесінің төрағасы Сәуле Салихова.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бұл бастаманы қолдап:
«Тәлімгерлік тәжірибесін міндетті түрде қолдану керек. Мемлекет бөліп отырған қаржы есебінен әкімдіктермен бірлесіп, осындай бағдарламаны қарастыруға күш саламыз», — деп атап өтті.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН