Маңғыстау облыстық Қабиболла Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханасында осы атаумен шығармашылық кеш өтті. Шара қазақ халқының көрнекті тұлғасы, күйші-сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналды.
Қос ішекке қол салғанда талайдың жүрегін елжіреткен ірі тұлға, қазақ музыкасының классигі, композитор, дәулескер күйшінің туғанына биыл 200 жыл толып отыр.
Рухани шараға кітапхана өкілдерімен қатар студенттер мен оқушылар қатысып, күйшінің өнегелі өмірімен танысып қайтты. Әкесі – Сағырбай, анасы – Алқа жайында толық мәлімет айтылды. Аңыз адамның шығармашылығы кеңінен насихатталып, қатысушылар оның алғашқы ұстазы – Ұзақ күйші туралы да мәліметке қанықты.
Өмірі қуғын-сүргін, қудалаумен өткен күйші өз ауылында көп тұрақтамай, ел кезіп, қазақ жерінің түпкірін аралайды. Сондықтан да болар, оның туындылары қазақ халқының азаттық жолындағы ұранына айналды. Біртуар тұлға «Жігер», «Серпер», «Той бастар» «Бұлбұл», «Балбырауын», «Сарыарқа» , «Кісен ашқан», «Асқақ киік», «Адай» секілді ғасырда бір туар дүниелерді жарыққа шығарды.
Олар қай заманда да тыңдаушысының көңілін нұрға бөлеп, өмірге деген құштарлығын оятып, рухын арттырады.
Шарада күйші ғұмырына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, күйлері орындалды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер облыстық кітапханадан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51137,51138,51140"]