Бүгінгі күн ерекше. Көрісу мейрамын тойлаған маңғыстаулықтар әдемі дастархан жасап, үлкенді-кішімен көрісіп әлек. Қазіргі күні 14 наурызда тойланатын Амал мерекесі туралы әржақты пікірлер айтылып жүр. Көпшілік жұрт Батыс өлкелерінде аталып өтетін Көрісу мейрамына қызыға қарайды, өзге облыстар да тойлауға көшті десек қате айтқанымыз емес. Бұрынырақта күллі қазақ жұрты Көрісу мерекесін тойлаған деседі. Оған дәлел, кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март – ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл – Ұлыстың Ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген». «Қазалы» газетінің бас редакторы, қызылордалық журналист Дәурен Сейітжанұлы ұлыстың ұлы күні 14 наурызда тойлануы тиіс деп есептейді. Бірнеше жыл Маңғыстауда қызметте болған ол Көрісу мейрамын ерекше ықыласпен тойлағанын айтты. - Заманында көрісу күнін, яғни жаңа жылды күллі қазақ тойлаған. Қазақ қана емес, түркі ұлттары түгел атап өтетін болған. Кешегі кеңестік биліктің 70 жылғы тепкісінен кейін бұл дәстүр ұмытылды. Тек, еліміздің батыс өңірі ғана сақтап қалды. Әлі күнге дейін батыстағы ағайын бір-бірімен көрісіп, қауышады. «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен, Шалдар бата беріскен, сақтай гөр деп терістен...» деген жыр шумақтары да қалған ескіден. Сондықтан Ұлыстың ұлы күні - 14 наурыз екеніне бүгінде дау болмау керек. Бұған қатысты тарихи деректер де, күнтізбелік дәлелдер де баршылық. Соңғы жылдары батыс облыстары Амал мерекесінің мәртебесін асырып, Ұлыс күнін тойлаудың үлгісін көрсетіп келеді. Оған өзім де қатысып куә болғанмын. Осындай сән-салтанат әсер етпей қоймайды. Оны Қазақстанның басқа аймақтарындағы тұрғындардың айтарлықтай атап өтпесе де Амал мерекесімен құттықтап, көрісіп жатқанын көріп жүрмін. Бұлай жалғаса берсе, шығыс та, солтүстік те, оңтүстік те мейрамның мән-маңызын түсініп, жалпыхалықтық сипат алады ғой деп ойлаймын. Мен де осы күні үйдегі жолдасыма наурыз көже пісіртіп, жан-жақтағы дос-жаранға, ағайынға хабарласып құттықтаймын. Мүмкіндігінше сәлем беріп, жүзбе-жүз дидарласуға тырысамын, - дейді Дәурен Сейітжанұлы. Көрісу мейрамының шығу тарихы әртүрлі, ертеректе қыстақта, далалықта мал баққан қазақ жұрты қыс айларында бір-бірімен қауыша алмай, көктем басталғанда, қар еріп күн жібігенде бір-бірімен арқа-жарқа болып, қауышатын болған екен. Сол уақыттан бері көрісу дәстүр болып бертінге дейін сақталып қалған.
Айгүл ДӘДЕН Суретте - биылғы Отпан Таудағы мерекесі, түсірген Талант ҚҰСАЙЫН