Өңіріміздегі облыстық, аудандық, қалалық дәрежедегі 8 газет пен 2 сайттың басын қосқан «Маңғыстау-медиа» ЖШС құрылғанына биыл бес жыл толып отыр. Осы мерейлі шараға байланысты Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында Наурыз мерекесін тойлау аясында «Амал келді, жыл келді!» атты «Огни Мангистау» газетінің 50 жыл, «Маңғыстау» газетінің 45 жыл және «Маңғыстау медиа» ЖШС-нің құрылғанына 5 жыл толуына арналған танымдық-шығармашылық кеш өтті.
Маңғыстау 1973 жылы өз алдына дербес облыс болып құрылғанда, жаңадан құрылған қазыналы аймақтың тарихын, ұлттық рухани мұраларды жаңғыртқан өмір айнасы, жаңалық жаршысы - «Маңғыстау» газеті жарық көрді. Сол кезде «Коммунистік жол» деп аталған газеттің алғашқы санының жарық көргеніне биыл 45 жыл толды!
Оған жалғас Түпқараған ауданының жаңалықтарын жария етуші «Ақкетік арайы», шалғайда жатқан Бейнеу ауданынан ақпарат тарататын «Рауан» және Қарақия ауданының айнасы «Қарақия», «Мұнайлы» сияқты аудандық және «Жаңаөзен» қалалық газеттері жарық көре бастады.
Бүгінде Маңғыстау ауданының тыныс-тіршілігін танытатын аға басылым - «Жаңа өмірдің» халықпен қауышқанына 80 жылдан асты. Ал «Огни Мангистау» газетінің шыққанына жарты ғасырдан астам уақыт болса, «Мұнайлы» газеті күні кешегі желтоқсан айында 10 жылды артқа тастады.
Заман талабына сай «Маңғыстау-медианың» құрамында қос тілде бүкіл Қазақстанға өңір жаңалықтарын тарататын 7292info.kz және ogni.kz сайттары жұмыс істейді.
Мерекелік кеш басталмас бұрын театр дәлізінде облыстық және аудандық газеттердің тарихи өмірінен сыр шертер қызықты көрме ұйымдастырылды. Бір ғасырға жуық тарихы бар басылымдардың мұрағаттары көрермендердің қызығушылығын туғызды.
Мерекелік кеш облыстағы қоғамдық маңызы зор беделді басылымдарды бір арнаға тоғыстырған «Маңғыстау-Медиа» ЖШС жайлы түсірілген арнайы бейнесюжетпен басталды.
Оқи отырыңыз: Ұлыстың ұлы күні 14 наурызда тойлануы керек
Мекеме тарихына қысқаша тоқталар болсақ, «Маңғыстау-Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын 2013 жылы 4 ақпанда бастады. «Маңғыстау – Медиа» холдингін құруға белгілі журналист, холдингтің тұңғыш басшысы Тельман Әбдібекұлы Бейсенов пен оның орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Меңтайұлы Карин атсалысты.
Холдингті 2014-2015 жылдар аралығында республика көлемінде жауапты қызметтер жасаған Ғалымжан Сәрсенбайұлы Мелдешов, 2015 жылдары Дархан Уәлиханұлы Уәлиханов, Маңдайлы Қосымбаева басқарды.
2017 жылдың маусымында «Маңғыстау-Медианың» директоры болып әріптесіміз Сағындық Рзахметов тағайындалды.
Маңғыстау баспасөзінің тарихында «Маңғыстау-медианың» алатын орны ерекше. Бүгінде сегіз газет пен екі сайтты шығару үшін 100-ден астам адам тынымсыз еңбек етумен келеді. Соған сәйкес 5 жылдық тойын енді өткізіп жатқан «Маңғыстау-медианың» алдында үлкен жоспарлар тұр. Соның бірі осы жылдың екінші тоқсанынан бастап «Маңғыстау-медиаға» қарасты газеттердің форматын еуропалық стандартқа ауыстыру. Сонымен қатар, ақпаратты тез беруге назар аудара отырып, медиахолдингтің сайттары жаңғыртылмақ. Жақын болашақта сайт құрамында студия ашып, видеожаңалықтар беру де қолға алынбақ.
Мерекелік кеш сахнасына бұрынғы басшылардан алғашқы құттықтау сөз «Маңғыстау-Медианы» дамытуға барынша күш-жігер жұмсаған Тельман Бейсеновке берілді. Ұжым тойына Астанадан арнайы ат басын бұрған қонақ мекеме құру барысындағы біраз қиындықтарға тоқтала тұрып, басым көпшілігін жастар құрайтын бүгінгі ұжым мүшелеріне денсаулық, шығармашылық табыс, жақсы жетістіктер тіледі.
Ұжым жастары арасынан өнерпаз өрендер сахна сәнін келтіріп, күй шертіп, ән салды. Олардың арасында Құрманғазының «Адай» күйін шалықтатқан «Маңғыстау» газетінің журналисі Жайық Нағымаш та болды.
Өткен жылы Тәуелсіздіктің тұңғыш перзентіндей болып құрылған Мұнайлы ауданының газеті «Мұнайлыға» 10 жыл толған болатын, сол басылымның хатшысы Әсем Амангелді сахнаға шығып, «Атамекен» әнін әуелетті.
Өз кезегінде «Маңғыстау-медиа» ұжымын 5 жылдық мерейтойымен және «Маңғыстау» газетін 45 жылдығымен құттықтау үшін газеттің бұрынғы бас редакторы Жоламан Бошалақ шығып, жастарға игі тілегін арнады.
«Рауан» газетінің тілшісі, елімізге танымал ақын, қаламы қарымды жазушы, майталман журналист Айнахан Есетова «Маңғыстау-медиаға» арнаған жана туындысын орындау үшін «Рауан» газетінің тілшісі Үміт Қаздаевамен бірге көтеріліп, жиналғандарды әсем сазбен әрленген әдемі әнмен сусындатты.
Бұдан соңғы музыкалық сәлемді Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы» әнімен 7292info.kz сайтының журналисі Айгүл Дәден жалғастырды.
Салтанатты сәтті пайдаланған «Маңғыстау-медианың» басшысы Сағындық Оралбайұлы бірқатар журналистерге марапаттар табыстады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсембі Әріпов пен «Жаңаөзен» газетінің тілшісі Мұратбай Ұлықпанға «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы беріліп, ескерткіш медалі тағылды. Сонымен қатар, Айнахан Есетова, Айжан Насырова, Ерлан Қалиев, Гүлнар Тасболатова, Зухра Әбділ-Саттар, Қабыл Шілдебай секілді журналистерге және штаттан тыс тілшілер ҚР Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданып, куәліктері табысталды.
«Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер де көптік етпейді» демекші, «Маңғыстау-медианың» қыз-жігіттері қаламды серік етіп қана қоймай, сан түрлі өнерді де қоса алып жүр. Олардың қатарында «Маңғыстау» газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Жетекбай да бар. Мерекелік сахнаны дуға бөлеген Мұрат Қуанышұлы Светқали Нұржановтың сөзіне жазылған Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнін шырқап, көпшілікке жаңа қырын ашса, «Маңғыстау» газетінің дизайнері Шынар Теңізбай «Әйел бақыты» әнімен ортаға шықты.
«Маңғыстау-Медиа» қызметкерлерінің балалары ата-аналары атқарып жүрген мамандықтарға құрмет білдіріп, өлең шумақтарын арнады.
Құттықтаулар жалғасын тауып, облыстың бірлескен баспасөз ұжымын құттықтау үшін сахна төріне өлкенің аудан, қала басшылары, мұнайгаз және мекеме-кәсіпорын жетекшілері шығып, газет басшылары мен мекеме басшысына алғыс хаттар, бағалы сый-сияпат тапсырды.
Кеште «Огни Мангистау» газетінің тілшісі Ғалия Кеңесбаева «Гимн журналистов» әнімен ортаға шықты.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген екен. Халықтың көзі болып, көріп, тілі болып мұңын айта білген «Маңғыстау-медиа» ұжымы төл мерекесіне арналған кешті сөзін «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, белгілі журналист, ақын Ғалым Әріп, әуенін талантты композитор Ғалымжан Сағынбаев жазған «Маңғыстау-медиа» маршын хормен орындады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="50049,50048,50047,50018,50046,50019,50020,50021,50022,50024,50025,50027,50028,50029,50030"]