«Маңғыстау-Медиа» ЖШС қарасты 7292info.kz ақпараттық сайты редакциясына Меңдібай Ағи есімді оқырманнан хат келіп түсті. М.Ағидің айтуынша, Аққұдық ауылына жақын орналасқан Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында байланыс желісі әлсіз болып отыр.
- Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Маңғыстау облысы Қарақия ауданының шығысында, Үстірт жонының батыс шеткі шыңдарын бойлай, Қарынжарық ойпатының Кендірлі соры және Қарынжарық құмды-массивті аудандарын қамти орналасқан. Жаңаөзен қаласынан 150-200 шақырым қашық. Қорық инспекторлары вахталық-кезекшілік әдіспен жұмыс істейді және рейдтік жедел топ үнемі бақылау жасап отырады. Қазіргі күні орталық-қорық аумағы байланыс мәселесі қиын болып тұр. Қорық кордондары мен автокөліктердегі радиобайланыс құралдары ескіруіне байланысты толық қуатта жұмыс істемей тұр, - дейді Меңдібай Ағи.
Сонымен, бұл қыс және жаз мезгілдерінде қорғау қызметіне кедергі болып екен. Ал ең жақын елді мекен – Аққұдық ауылы. Ауылда 30 шақты отбасы және айналасында жеке шаруамен отырған малшы қыстаулары бар.
- Аққұдық ауылында Beeline ұялы байланыс желісі орнатылған, қамту аумағы өте аз, 10-12 шақырымнан аспайды. Біздің ұсынысымыз, Аққұдық ауылындағы Beeline ұялы байланыс желісінің қабылдау-тарату антеннасын биік жерге көтеріп, күшін көбейтсе барлығына тиімді болар еді», - деген өтінішін білдіреді Меңдібай Ағи.
Біз Аққұдық қарайтын Сенек ауылының әкімі Бауыржан Еркеғұловпен ресми хат жолдаған болатынбыз. Әкім Қарақия ауданы әкімдігінде бұл мәселе туралы егжей-тегжейлі қарап, көктем келе шешілетініне сендірді.
«Аққұдық ауылындағы Beeline ұялы байланыс желісі қарайтын «Кар-Тел» Ақтау филиалымен телефон арқылы байланысқан болатынбыз. Алайда олар өз кезегінде қабылдау, тарату антеннасын (Нұрбибі) тауының басына шығаруға болатынын және сол кезде желі тарату аумағы ұлғаятынын айтты. Алдағы уақытта аудан арқылы тоқ көзін апарып, антенна орнатуға ұсыны беріп, жұмыстанатындығымызды хабарлаймыз», - делінеді хатта.
Байланыс қызметкерлерінің айтуынша, бұл айтарлықтай оңай жұмыс емес.
«Тарату антеннасын бір орыннан келесі орынға ауыстыру үшін алдымен орналастыратын аймақтың қолайлылығын зерттеп, сол маңдағы адамдар мен жануарларға кедергі болмауын қадағалау керек. Бұдан бөлек, қаражат көзі арқылы ірі көліктермен арнайы байланыс мамандарының көмегімен орналастыру жұмысын жүргізу қажет», - дейді мамандар.
Алдағы уақытта Қарақия ауданы әкімдігінен бұл мәселе бойынша кеңірек жауап-хат күтеміз. Мәселе көктем шыға оң шешімін табады деген үміт жоқ емес.
Айгүл ДӘДЕН