2017 жылы Маңғыстау облысы аумағында 284 өрт оқиғасы тіркеліп, 225 млн. 205 мың теңге материалдық шығын келген. Өрт кезінде 7 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алған. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте айтылды.
Төтеншеліктердің айтуынша, өрт көбінесе тұрғын-үй секторында шығады екен. Былтыр 122 үйдегі өрт оқиғасы тіркелсе, 101 оқиға автокөліктерден шыққан.
Сондай-ақ есепті кезеңде 93 адам құтқарылып, 553-і қауіпсіз жерге көшірілген. Ал зардап шеккендердің 88-іне алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
"2017 жылдың қаңтар айында автокөлікте 11 өрт оқиғасы тіркелді. Биыл – 10. Негізгі себептері – қысқаша тұйықталу. Көбіне ескі көліктер жанып кетеді. Сонымен қатар оған көлікке орнатылған газ қондырғысы да әсер етеді. Маңғыстау – республика бойынша көліктерге ең көп газ қондырылған облыс. Сондықтан осы күндері автокөліктедің жануы жиі кездеседі. Былтыр да, биыл да қаңтар айында 23 өрт оқиғасы тіркелді", - дейді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы Нұржан Борашев.
Мамандар өрттің алдын алу мақсатында нұсқаулықтар таратып, жиын, дәрістер өткізеді. Сондай-ақ жүйелі түрде сенбіліктер өткізуді қолға алған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ