©
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңес отырысына тәртіптік жауапкершіліктері қаралатын тұлғалар, уәкілетті орган өкілдері мен Маңғыстау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі қатысты.
Күн тәртібінде барлығы 4 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Алдымен азамат Ж.Султанкуловтың тұрғын үйін жекешелендіру мәселесіне қатысты заң бұзушылық әрекеті қаралды. Ж.Султанкулов жекешелендіру бойынша жұмысшы органы мен тұрғын үй комиссиясына құжаттарын тапсырған. Бұл тарап оған құжаттарының толық еместігін айтып, оны кері қайтарған. Нақты қай құжаттар екендігі көрсетілмегендіктен, арада түсінбестік туындайды. Соңында азамат Әдеп кеңесіне жүгінуге мәжбүр болған.
Кеңесте жұмысшы органы мен тұрғын үй комиссиясы 2 ай бойы әуре-сарсаңға салып, азаматтың заңды мүддесін бұзғаны және оның бірнеше рет шағымдануынан кейін ғана тиісті шешім қабылдап, заңбұзушылыққа жол бергені үшін Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй комиссиясының мүшелері С.Сағынбаевқа, Б.Овезовке және К.Карибаевқа Әдеп кодексінің талабына сәйкес «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Бұдан соң Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Т.Жумалиев пен оның орынбасары О.Табынчаевқа қатысты іс қаралды. Бұл іске жергілікті кәсіпкердің арызы негіз болған. Кәсіпкер тапсырыс бойынша жаңа жылдық шара өткізетін орынды жалға алып, дайындық жұмыстарын бастап кетеді. Мерекеге таяғанда білім бөлімі тарапынан мерекелік шараларды тек мектеп қабырғасында өткізу қажеттігі туралы ескертпе хат таралады. Нәтижесінде ата-аналар кәсіпкер ұйымдастырған шарадан бас тартып, мереке өткізілмейтін болады. Ал кәсіпкер өзінің шығынға ұшырағанын айтып, білім бөлімі басшыларының үстінен шағымданады.
Кеңес мүшелері білім саласындағы уәкілетті орган басшысының пікірін тыңдап, құжаттарды зерделей келе, онда кәсіпкерлердің құқықтарына кедергі келтіретін негіз жоқ деп тапты. Аталған ескертпе хат оқушылардың құқықтарын қорғау мақсатында тек білім беру ұйымдарының қарауына жолданған. Осыған орай, Т.Жумалиев пен О.Табынчаевтың тарапынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берілмеген деп тауып, оларға қатысты тәртіптік істерді қысқарту туралы шешім қабылданды.
Келесі Төлеп ауылының әкімі К.Изжановтың басқа тұлғаны ұрып-соққандығы және дене жарақатын келтіргендігі жөнінде сыни мақала негізінде қозғалған тәртіптік іс те осы жиында қаралды.
Оқиға ауыл тұрғынының әлеуметтік желіге "маған әкім қол көтерді" деген айыптауы бар бейнежазбаның жүктелуінен басталған болатын.
Мәжіліс барысында дәлелдер жеткіліксіз болуына байланысты оған қатысты тәртіптік істі тоқтату ұсынылды. Сондай-ақ оның өтініші негізінде жүргізіліп жатқан қылмыстық іс бойынша әкімге қатысты жаңа мән-жайлар анықталған жағдайда тәртіптік істі қайта қарау жөнінде айтылды.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұдан соң атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі тәртіптік комиссия жұмысына талдау жасады. Талдау нәтижесінде алдағы уақытта орындалуы тиіс бірқатар жұмыстар мен атқарылатын шаралар жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47906,47903,47902,47905,47904"]