©
Өзге аймақтарға қарағанда, Маңғыстауда қыс қаһарын жиі байқата бермейді. Синоптиктер де бұл мезгілде жауын-шашын аз болады деген болжам айтты. Дегенмен аяз тұрып, жолдар көк тайғақ болғанда автокөліктердің жүруіне ыңғайсыздық туады.
Төтенше жағдайлар департаменті жанынан ұдайы дайындықта тұратын штаб құрылған. Күн сайын мәліметтер сол штабқа келіп түседі. Тосын жағдай орын алғанда департамент қызметкерлері өрт қауіпсіздігі, жолдағы қаіпсіздік, қысқы маусымға дайындық жағдайларының барлығында жұмыла іске кіріседі.
Департамент штаттық кестеге сәйкес, мамандармен толық қамтылған. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, бірқатар техника жаңартылған. Кей ғимараттарға күрделі жөндеу де жүргізілген. Мамандар төтенше жағдай кезінде іс-қимыл жасауға әр кез дайын.
«Департамент жолдағы жағдайды, қалың қар, қатты жел, тұман кездерінде ауа райын халыққа, өндірістік мекемелерге хабарлап отырады. Қазір жергілікті жолда 4, республикалық маңызы бар жолда 1 мекеме жұмыс істеп жатыр. Осы арада айта кету керек, облыстық деңегйдегі мекемелердің жолға мұз қатып, қар түскенде топырақ шашатын техникасы жетіспейді. Мұзғалақ болғанда Таушық ауылынан әрі қарай Қаражанбасқа дейінгі аралықта қауіпті жерлер кездеседі. Оларға жаңа айтқан 4 мекеме қыс басталмай тұрып, қажетті заттарын (құм, тұз т.б.) апарып қойған. Бірақ оны шашатын техника жоқтығына байланысты, қолмен шашуына тура келеді. Бірнеше шақырымға бұл әдісті қолдану көп уақытты талап етеді», - деді Маңғыстау облысы ТЖД басшысының орынбасары, полковник Манарбек Мұханбетов бүгінгі өткен брифингте.
Мамандар төтенше жағдайлар жиі болатын жолдарды да атап өтті. Олар: «Ақтау-Сайөтес-Шетпе» республикалық автокөлік жолының Маната өткелі учаскесі және «Ақтау-Қаламқас» облыстық автокөлік жолының «Қаражанбас-Қаламқас» учаскелері.
- Бұрын жолдар жөндеуден өтпеген кезде барлығында дерлік төтенше оқиға кездесетін. Қазіргі таңда Манатаның тұсында жиі кездеседі. Қар жауған кездерде мұзғалақ болады, сондықтан жүк көліктері көтеріле алмайды. Жүгі шамадан тыс көп немесе басқа жағдайлардан. Мұндай жағдай болды. Қаңтар айының соңына таман Маңғыстау ауданының әкімдігі мердігер мекемемен біріге отырып, Маната тұсындағы жолдан 33 жүк көлікті сүйреп шығарды, - дейді Манарбек Мұханбетов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ