«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Алик Айдарбаев тағайындалды деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметі Алик Айдарбаевтың тағайындалғаны туралы ақпаратты растады.
Сонымен бірге баспасөз қызметі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жаңа құрылымы бекітілгенін хабарлады. Жаңа құрылымға сәйкес, басқарушы директорлар саны 10-нан 5-ке дейін, департаменттер мен құрылымдық бөлімшелердің саны 37-ден 27-ге дейін қысқарды. Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне бір штаттық бірлік енгізілді.
Жаңа құрылымның жұмысы осы жылдың 11 қаңтарынан басталды.
55 жастағы Алик Айдарбаев әр жылдары «Оңтүстікқазмұнайгаз» мемлекеттік акционерлік қоғамында бас директор орынбасары, вице-президент, «Құмкөл-Лукойл» компаниясының, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өндіру бойынша атқарушы директоры қызметтерін атқарған.
2011-2013 жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры болған. 2013 жылдың 22 қаңтарынан бастап Алик Айдарбаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымында еңбек еткен.
2017 жылдың наурызында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі болып тағайындалды.