22 желтоқсанда Жаңаөзен қаласының «Атамекен» ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің I форумы өтті.
Есімізді білгелі көркем әдебиеттен әйел бейнесін Ұлпан, Зере мен Ұлжандардың, Қарашаштардың есімдерімен байланыстырамыз. Қазақ еліне гендерлік саясат ұғымы 2000 жылдың қазан айында БҰҰ мыңжылдық декларациясында қабылданған гендерлік теңдікті қолдаудан да бұрын енген. Бұл сөзімізге дәлел жоғарыда келтірген әдеби кейіпкерлердің өмір жолдары десек қателеспеген болармыз. Мысалы, Ұлпан – ел билеген көсем, сөз бастаған шешен болды емес пе? Кең пейілді, адамгершілігі мол Сибан елінің кедей-кепшігіне қол ұшын берген де Ұлпан еді ғой. Ендеше, сол аналардың жолымен жүріп, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп жүрген әйелдер қазірде кәсіпкерлікпен айналысып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға үлесін қосып жүр. Бұл форум солардың басын қосу, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
Формуға келген қонақтарға алдымен қаламыздағы бірқатар кәсіпкерлік нысан басшыларының бейне құттықтауы көрсетілді. Қала әкімінің орынбасары Сәнім Танаева жиылған іскер әйелдерге тілегін білдірді. Жаңаөзен қаласының дамуына қосқан үлесі үшін Набат Демегенова, Дариға Игсатовамен Раушан Бутантаеваға «Алғыс» табыстады.
Келесі сөз кезегін алған Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Абдулла Идресов қаламыздағы кәсіпкерлер қатарындағы іскер әйелдер саны көрсеткішпен нақтылап берді. Оның айтуынша, Жаңаөзенде 7883 кәсіпкер тіркелген болса, соның 30 пайызы әйелдердің үлесінде. 2017 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзендегі филиалында «Бизнес-кеңесші» курсынан өткен 287 сертификат алған тұрғындардың ішінде 147-сі әйелдерді құраған. Биылғы жылы 36 жеке тұлға екінші деңгейлі банктер арқылы кредит алған болса, оның 50 пайызы әйелдердің үлесінде. Бұл мәліметтерден қаламыздағы іскер әйелдердің белсенділігін байқаймыз.
Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық бағытында атқарған еңбегі мен Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін Дамира Аманжолқызы, Раушан Әділқызы, Дариға Елубайқызы мен Айгүл Ұзақбайқызы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының «Алғыс хатымен» марапатталды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында кәсіпкер әйелдердің Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Балқұйған Жарылқағанова, Тұрсын Таджимурадова, Ақнабат Кенганова, Қазына Көмекбаева мен Баян Жұмабаеваға «Атамекен» КП Жаңаөзен қалалық филиалының директоры А.Идресовтың «Алғыс хаты» табысталды.
Жаңаөзен политехникалық колледжі базасының «Жаңару» мейрамханасында өткен форумда ән де айтылды, сән көрсетілімдері де назарға ұсынылды. Экстравагант сән стиліндегі киім мен шаш үлгілері жиылған іскер әйелдердің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді.
- Қаламызда алғаш өтіп жатқан бұл форум іскер әйелдердің өзара тәжірибесе алмасуына үлкен септігін тигізеді деген ойдамын. Осындай шаралар олардың бір-бірімен танысып, өзара тәжірибемен бөлісіуіне ықпал етпек. Қаламызда іскер әйелдердің саны көп, солардың ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп қана қоймай, ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген 50 әйел шақырылды, - дейді Жаңаөзен политехникалық колледж директоры Тілектес Болатбаева.