©
Оқушыларды бизнес негіздеріне оқыту Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы мамандандырылған экономикалық лицейінде бастау алды. Бұл жоба әзірге пилоттық режимде енгізілді. Ал жаңа пән мектеп бағдарламасына келер жылы қосылмақ. Пилоттық жобаны экономика пәнінің мұғалімі жүргізеді. Бұл туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев мәлімдеді.
"Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" бағдарламасы жалпы білім беру ұйымдарының 10-11 сынып оқушылары үшін арнайы дайындалған жаңа пән.
Бизнестің қыр-сырын экономика пәнінің мұғалімдері Сапура Нұрғожина және Мария Азолина оқушыларға жан-жақты түсіндіруге тырысты. Үш сабақтан өткізілген қазақ және орыс сыныптарында барлығы 32 шәкірт қамтылды. Еркін формат түрінде боған сабақ кезінде облыстағы отандық кәсіпорын туралы сюжет көрсетілді.
Жаңа пәннің алғашқы сабақтары «Экономикалық терминдер», «Кәсіпкерлік формалары», «Компания құруға дайындық» тақырыптарын арқау етті.
- Оқушылар бұған дейін кәсіпті қалай бастауға болатыны туралы білмейтін. Ал жаңа пән енгізілген күннен бастап, олардың қызығушылы жоғары екендігі байқалады. Әсіресе аз шығынмен қалай бизнесті жүргізуге болатынын, франшиза дегеніміз не, пайда түсірудің жолдары қандай деген сұрақтар жауап бере алады, - дейді Ақтау қаласы мамандандырылған экономикалық лицейінің мұғалімі Сапура Нұрғожина.
Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасайұлы болашақта кәсіпкер болуға ниетті оқушылар жақсы мүмкін алып отырғанын айтады. Бұл ретте жоғары сыныптың оқушыларына кез-келген уақытта қолдау көрсетілмек.
«Жалпы бизнес дегеніміз не деген сұраққа оқушылар жауап іздемей-ақ, олардың бойында түсінік қалыптасты деуге негіз бар. Ендігі кезекте қаржылай сауаттылық, серіктестермен іскерлік қарым-қатынас орнату, бизнес-жоспарды қатесіз жазу және өздерінің идеяларын ойдағыдай жүзеге асыруды үйренеді. Ел болам десең, бесігіңді түзе деген қанатты сөз осындайда ойға оралады, - дейді ол.
Айта кету керек, бизнестің қыр-сырын үйретуге арналған жаңа оқулықты мектептерде енгізу «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қолға алынып отыр. Жақын күндері оқу орындарында енгізіле бастаған "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" атты оқу құралына мүғалімдер, оқушылар мен ата-аналарға сауалнама жүргізу арқылы түпкілікті талдау жасалып, қорытындысы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігіне жолданбақ. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген соң, жаңа оқулық қайта басып шығарылады және барлық жалпы білім беру ұйымдарына таратылады.
Кәмшат ІЗБАСАРОВА,
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер
палатасы адами капиталды
дамыту бөлімінің сарапшысы