Тәуелсіздік мерекесіне орай Атырау қаласында самбодан жасөспірімдер арасында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Қошқарбай Табынбаевты еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир өтті. 12-14 желтоқсан аралығында өткен жарысқа еліміздің әр аймағынан келген және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінің 400 самбошысы қатысып, бақтарын сынады. Дүбірлі додадан облыстық «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері топ жарып, облыс қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальдарды салды.
Тарқатып айтар болсақ, 32 келі салмақта Ернар Нәдірбай алтыннан алқа тағып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. 38 келі салмақта Қуанышбек Көмеков күміске қол жеткізсе, 35 келі салмақта Ыбырай Мұрат қола медальді қанжығалады. Қуанышты жаңалықпен аталмыш самбо бөлімінің бапкерлері Айбек Бисекенов пен Нұржан Айдынғалиев бөлісті.
- Жарысқа облыстық «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін 5 спортшы апарған болатынбыз. Олардың арасынан үшеуі жүлделі орындарды иеленіп, үмітімізді ақтады. Шәкіртім 32 келі салмақта белдескен Ернар Нәдірбай атыраулық, оралдық, қырғызстандық, қарағандылық, алматылық айқын басымдылықпен жеңіп, финальда байқоңырлық балуаннан уысынан жеңісті суырып алды. Осылайша, халықаралық жарыстың жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты. Қуанышбек Көмеков болса, алматылық, ақтөбелік, атыраулық, байқоңырлық спортшыларды жеңіп, шешуші сәтте оралдық балуанға жол берді. Боз кілемге 35 келі салмақта шыққан Ыбырай Мұрат қырғызстандық, түркістандық, астаналық, шымкенттің қарсыластарын ұтып, атыраулық балуанға есесін жіберіп, қола медальді қанағат тұтты. Біз бұл жеңістерімізді Тәуелсіздік мерекесіне арнаймыз. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық әкімдігіне және облыстық спорт басқармасына, мектеп басшылығына алғыс айтамыз, - дейді Нұржан Айдынғалиев.
Венера МИРЛАН