Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтау қаласындағы 29 шағынауданда құқық қорғау қызметтері орталығының ашылуына арналған салтанат болды. Салтанатты шараға жиналған құқық қорғау қызметкерлері мен қала тұрғындарын еліміздің қастерлі де ұлық мерекесімен құттықтаған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жаңа орталықтың Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асып жатқан игі іс екендігін атап өтті.
- Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдікті, бірлікті саясатымыздың негізгі тұғыры етіп алды, - деді өңір басшысы. - Соның арқасында елімізге қаншама инвестиция келді, еліміз өркендеп, дүние жүзіне әйгілі болды. Тәуелсіздіктен асқан қасиетті ұғым жоқ. Тәуелсіздікті сақтаймын деген елдің азаматтары бірін-бірі қолдап, көмектесумен жүреді. Тәуелсіз Қазақстанды нығайту үшін құқықтық сана-сезім мен құқықтық мәдениет қалыптасуы керек. Мұның негізгі бағыттарының бірі — бір ортадан құқық саласы бойынша қызмет көрсететін орталықтың ашылуы. Біз бюджеттен шығын шығармастан 16 нысан ашып отырмыз. Бүгінгі орталық та осы нысандардың бірі. Тұрғындардың 12 бағыт бойынша сауалдарына жауап беретін орталықтың ашылуына көмектескен облыстық прокуратура мен басқа да азаматтарға рахмет.
Сөз кезегін алған облыс прокуроры Дастан Сартаев: «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы осындай құқықтық қызмет көрсету орталықтарын бір жерден ұйымдастырып, шоғырлануды тапсырды, - деді. - Осы тапсырмаға сәйкес еліміздің Бас прокуроры жаз айында өз бастамасымен Астанада осындай орталық ашып, бұл үрдіс өзге аймақтарда жалғасып жатыр. Орталықта 12 мемлекеттік органдар мамандары тұрғындарға тегін және сапалы құқықтық қызмет көрсетеді. Қазір мұнда медиатор, жергілкті полиция қызметі, юстиция қызметкерлері, еңбек инспекторлары сияқты мамандар дайын.
Ералы Тоғжанов пен Дастан Сартаев су жаңа орталықтың таспасын қиып, жиналғандар ішке кіріп, осындағы жұмыс барысымен танысты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ