Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі еліміз бойынша «Үздік спорт мектебі-2017» аталымының иегері атанды. Қуанышты жаңалықпен Алматыдан мектеп басшысы Манарбек Бисекенов бөлісті.
Спорт саласының үздіктерін марапаттауды Қазақ спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналы бірлесіп ұйымдастырған. Еліміз бойынша топ жарған үздіктерге марапатты Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов табыстады.
-Марапаттау салтанаты 7 желтоқсан күні Алматы төрінде өтті. Республикалық деңгейде өткізілген байқауда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» дейді. Аталмыш спорт мектебінің тізгінін қолыма алған жылдарда маңғыстаулық жергілікті спортшылардың беделін көтеріп, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, дүбірлі додаларда аймақ намысын абыроймен қорғауы үшін бар жағдайды жасауға тырыстық. Әрине, бұл бағытта үнемі қолдау көрсетіп отыратын Маңғыстау облыстық әкімдігіне, облыстық спорт басқармасына айтар алғысымыз шексіз. Биылғы жылдың өзінде біздің спорт мектебінің шәкірті Рамазан Мамаев Маңғыстаудың тарихында жастар мен жасөспірімдер арасында самбо күресінен тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, тағы бір спортшымыз Бауыржан Нарбаев Хорватияда жастар арасында дзюдодан өткен Әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдесін иеленді. Бірқатар балуандарымыз, гимнасшыларымыз республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Мұның барлығының артында әрине бапкер еңбегі, спортшылардың төккен тері тұр. Сондықтан да бүгінгі марапат ұжымның жеңісі, еселі еңбектің жемісі деп білемін,-дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов.
Сондай-ақ, маңғыстаулық кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев еліміз бойынша «Үздік спорт жанашыры-2017» номинациясының жеңімпазы атанды. Кәсіпкер биыл өзінің туған ауылына «Азамат» спорт кешенін салып беріп, ауыл тұрғындарына үлкен тарту жасаған болатын. Сұңғат Мұңалбаев кәсіпкерлікпен бірге Маңғыстау облыстық үстел теннисінің президенті қызметін атқарады.
Одан бөлек, «Үздік самбо федерациясы-2017» аталымын Маңғыстау облыстық самбо федерациясы еншіледі.-Өңірдегі іргелі кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында басшылық қызмет атқарсам да, өзім спортты жақсы көремін. Жастардың да салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізгенін жөн деп есептеймін. Облыста мықты балуандардың көші қалыптасып, аймақтың атын республикалық, халықаралық жарыстарда шығарғанын қалаймын. Сондықтан да оларға демеушілік көрсетіп, жарыстарға қатысуына жағдай жасап отырсақ, ол азаматтығымыз деп білемін. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейді емес пе?! Өңірден Азия, Әлем чемпиондарының шығып жатқаны біздің де абыройымыз,-дейді Маңғыстау облыстық самбо федерациясының президенті Нұрпейіс Сәрсенбай.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44117,44116,44123"]