©
Бұл туралы бүгін брифингте Маңғыстау облыстық жүк тасымалы бөлімі бастығының орынбасары Бүркітов Ерлан Қасымұлы мәлімдеді.
- Теміржолдағы жол бұрылысы қиғаш болып келген, тепловоз бұрылған кезде 100 метрдей жерден «Газель» көлігін көрген. Машинист шұғыл тоқтау тежегішін басқанымен, оның тежелу жолы (тормозная путь) 156 метрге жетіп тоқтаған. Қосымша экперименттер жүргізіліп, сараптама машинистің іс-әрекеті толықтай дұрыс екенін көрсетті. Тепловоз тіркемесіз келе жатқандықтан оның тежелу жолы 156 метр болып отыр, ал жүк тіркемесі бар пойыз болса - оның тежелу жолы 400, тіпті 600 метрге жетер еді, - дейді Ерлан Қасымұлы.
https://youtu.be/xH8O6qHiH4EТеміржол аумағы аса қауіпті аймақ болып есептеледі. Е. Бүркітовтың айтуынша, бірақ жүргізушілер мұны ұмытып жатады. Дәл осы теміржолда локомотивтің жүру жылдамдығы - 80 км/сағат. Бірақ теміржол өткеліне жақындағанда тепловоз жылдамдығын 65 км/сағатқа азайтқан.
- Маңғыстау теміржолы бөлімшесінің «Өзен-Болашақ» учаскесінің өткелінен өту кезінде "Газель" көлігі тарапынан жол ережесі бұзылған. Теміржол өткеліне келген кезде шлагбаумның бар-жоқтығына қарамастан, жүргізуші дыбысық сигналды, басқа да жол белгілерін ескеруі тиіс. Автомобиль жүргізушісі шлагбаумның ашық не жабық тұрғанына қарамастан, бағдаршамды басшылыққа алуы керек. Ал, шлагбаумның неге ашық тұрғанына байланысты қазіргі уақытта тексеру жүріп жатыр. Комиссия ертеңге дейін жұмыс жасайды. Ертең қорытындысы шығады, - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бойынша басшысы орынбасары А. Қуанышкереев "Көлік жүргізушісі үшін де, машинист үшін де көру аумағы шектеусіз болғанын" айтып, машинистің де қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралуы мүмкіндігін жеткізген.
Ерлан Қасымұлы теміржол өткеліндегі жол апаттарын зерттегенде көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады деп есептейді. Жүргізушілердің тепловозды көрмей қалуына неше түрлі себептер әсер етеді. Мысалы, жүргізуші көлікте әуенді қатты шығарып қойғандықтан, дыбыстық сигналды естімеуі мүмкін.
Камшат ӘБДІРАЙЫМ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН