©
Кезекші мас күйінде қызметін атқарған
"Жаңаөзен – Теңге" жолындағы теміржол өткелінің кезекшісі жан түршігерлік жол апаты кезінде мас күйде болған. Бұл туралы бүгін брифингте Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бойынша басшысы орынбасары Алдырза Сайынұлы Қуанышкереев мәлімдеді.
https://www.youtube.com/watch?v=cEbhetRYYkM&feature=youtu.beАлдырза Сайынұлының айтуынша, оқиға кезінде жол жүру қауіпсіздігін қадағалауы тиіс теміржол өткелінің кезекшісі қамауға алынған. Наркологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, кезекші сол мезетте ішімдік ішкендігі анықталды. Кезекшінің сол сәттегі қызметтік міндеті, әрекеті жөнінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға болған күні-ақ жол жүру ережесін бұзған көлік жүргізушісіне ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде іс тіркелген болатын. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 344 бабы 3 бөлігі, 128 баптар бойынша да іс қозғалып жатыр.
Алдырза Сайынұлы көлік жүргізушісі мен темір жол өткелі кезекшісінің жауапсыздығы жайында кеңірек мағлұмат берді.
- Ең алдымен, көлік жүргізушісі теміржол өткелінен өтпес бұрын, қозғалушы құрамның жоқтығына көз жеткізу керек. Бірақ оқиға кезінде шлагбаум сол күйі ашық тұрған. Теміржол өткелінде қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережесіне сәйкес, локомотив теміржол өткеліне жақындауына 1150 метр жер қалған кезде теміржол өткеліне дыбыс сигналы келіп түседі. Дыбыстық сигналмен бірге жарық сигналы келіп түседі. Бағдаршамның қызыл түсі жанады. 13 секундтан кейін шлагбаум автоматты түрде жабылуы тиіс. Шлагбаум жабылғаннан кейін өткелдегі автокөліктердің қозғалысына кедергі келтіретін құрылғы іске қосылуы тиіс. Егер бұлар автоматты түрде іске қосылмаса, теміржол өткелінің кезекшісі өз қолымен қосуы тиіс. Егер осы құрылғылар іске қосылғанға дейін «Газель» теміржол бойында тұрып қалған күннің өзінде, теміржол өткелі кезекшісінің машиниске түрлі жолдармен хабарлама жіберуі тиіс. Сонымен қатар, петарданы аспанға ату арқылы теміржолда кедергінің барлығы туралы машиниске хабарлауы тиіс. Локомотив машинисі шұғыл тежегішті іске қосуы тиіс. Бұл жерде адами фактордың бар-жоғын тергеу анықтайтын болады, - дейді ол.
https://www.youtube.com/watch?v=dt6sZOQnSiQ&feature=youtu.beАлдырза Сайынұлының айтуынша, теміржол өткелі кезекшісінің айтуынша, локомотив жолға шыққан станцияның кезекшісі хабарлама бермеген. Жалғыз локомотив жүріп келе жатқандықтан, ол оны көрмеген. Тек бір минут қалғанда көрген. Бірақ апат болған теміржол өткелі барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Жүргізуші – Өзбекстан елінің азаматы
Оқиғадан бұрын Жаңаөзен шетіндегі колледж аялдамасынан газель жүргізушісі Құрбанбаев 15 бірдей адамды (студенттер де бар) мінгізген. Соңғы аялдама – Теңге ауылы болуы керек еді. 36 адамның кішкене ғана газельге қалай сыйып кеткендігі әзірге белгісіз.
1967 жыл дүниеге келген газель жүргізушісі Қуаныш Құрбанбаев Өзбекстан Республикасының азаматы екен. Тұрғылықты жері бойынша Жаңаөзен қаласында тіркелген жүргізуші ҚР азаматы болуға өтініш беріп қойыпты. Қайғылы оқиға кезінде марқұмның жұбайы кондуктор болған, қазір ол Жаңаөзен емханасында хәл үстінде жатыр. Қуаныш Балтамұратұлының жүргізуші куәлігі Өзбекстанда берілді.
«Өзбекстан азаматы тасымалдау көлігінде жүргізуші бола ала ма? Мұндай жауапты қызметті мемлекет өзге елдің азаматына сеніп тапсыра ма» деген сауалымызға ІІД тергеу бойынша басшысының орынбасары былай деп жауап берді:
- ҚР Заңы бойынша Өзбекстан жүргізуші куәлігін алған азамат Қазақстан жерінде көлік айдауға құқылы. Бірақ біздің заңнамамызда осыған байланысты бірқатар шектеулер бар. Өзге елдің азаматы қандай көлікті жүргізе алады? Қандай құқығы бар? Дәл осы мәселе бойынша қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Қызметтік тергеуге кім жауапты болады, сол заң алдында тиісті жазасын алады, - деді ол.
Оқиға бар-жоғы 2-3 минуттың ішінде болған. Тергеу барысында эксперименттер жүргізілетін болады. Қазіргі таңда машинистің қылмыстық жауапкершілік мәселесі қарастырылуда.
- Көлік жүргізушісі үшін де, машинист үшін де көру аумағы шектеусіз болған. Машинист көлікті қанша метр жерден көрді, шұғыл тежегішті басты ма, осының бәрі анықталатын болады.
Тергеу жұмыстары аяқталмаса да, "Газель" жүргізушісі мен теміржол өткелі кезекшісінің салғырттығы көп айтылып жатыр. Қаншама адамның тағдырына балта шапқан жауапсыз азаматтарға тиісті жаза берілуі тиіс. Қалай десе де, бұған 2 ғана адам кінәлі емес. Үкім шыққанын күтетін боламыз.
Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Т. Құсайын, Серік МАЙЕМЕРОВ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзенде зардап шеккендерге 20 миллион теңге бөлінді