Ақтау қаласындағы жолаушыларға қызмет көрсететін қалаішілік автобустар жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бексұлтан Шалабаев айтты.
- Біз автобустарды жаңартуға байланысты облыс әкімдігіне үш нұсқа ұсындық. Біріншісі - «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жаңа автобустар сатып алып, тасымалдаушыларға беру. Тасымалдаушылар өздеріне түскен қаражатпен ӘКК «Каспий» ақшасын қайтарады.
Екінші ұсыныс – үшжақты келісімшарт жасақтау. Яғни, әкімдік пен кез келген екінші дәрежелі банк және тасымалдаушы (маршрут иесі) арасында. Не үшін үшжақты? Банк тасымалдаушыға несие береді. Мерзіміне қарай тасымалдаушы ол ақшаны өтейді. Көрсетілген мерзім ішінде әкімдік тасымалдаушыға жұмыс береді.
Ал үшінші ұсынысымыз – тарифті 50 теңгеден 70 теңгеге көтеру. Себебі Қазақстан бойынша ең төмен тариф - бізде. Қазір біз тасымалдаушыларға банктен несие алып, автобустарды жаңарту жайлы ұсыныс айтамыз. Ол біздің жасақталған шартымызда да көрсетілген. Бірақ тарифтің аздығына байланысты банктер несие беруге келіспейді, - дейді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бексұлтан Шалабаев.
Қазір ұсыныстарды қарастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Көрнекі суретті түсірген Т. Құсайын