Петропавл қаласында «Өнерім-рухани қазынам» атауымен ХІІІ ұлттық «Дельфий ойындары» республикалық байқауы мәресіне жетті. Өнер додасынан Маңғыстау өнер колледжінің 2-курс студенті Ақмарал Омарова «Халық әні» аталымы бойынша бас жүлдені қанжығалап, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Енді Ақмарал қаңтар айында Мәскеуде өтетін халықаралық байқауда бақ сынап, аймақ намысын қорғамақ.
Өнер байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600 дарынды жас қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлініп, 18 аталым бойынша бақ сынаған. Жерлесіміз Ақмарал Омарова қатысқан «Халық әні» аталымында 19 жас қатысқан. Байқаудың барлық талаптарынан сүрінбей өткен 19-дың алтауы екінші кезеңге жолдама алған.
-Байқау өте тартысты өтті. Байқаудың талабы бойынша бірінші кезеңде Мұхиттың әні «Көкайдай» мен халық әні «Ағайшаны» орындап, қазылар алқасының оң бағасын алдым. Екінші кезеңде халық әні «Ақ сұңқар» мен Ғ. Құрманғалиевтің әні «Нұржамалды» орындадым. Екінші кезеңде өнер көрсеткен бес қарсыласымның арасынан озып шығып, бас жүлдені иеленіп, алтыннан алқа тақтым. Өте қуаныштымын. Жалпы Ақтөбе мен Атырау облыстарынан қатысқан қарсыластарым өте мықты болды. Жарысқа дайындаған ұстазым Ақмарал Ерімбетоваға алғыс айтамын. Бұған дейін 2015 жылы Астана қаласында өткен «Жарқын болашақ» атты халықаралық байқауда да бас жүлдені еншілеген болатынмын. Ендігі мақсат-өнер колледжін аяқтаған соң, Астана, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орнында білімімді жалғастыру. Одан кейін тәлім алған ұстаздарым Жүзімгүл Рейтназарова, Ақмарал Ерімбетованың жолын қуып, шәкірт тәрбиелеу,-дейді Маңғыстау өнер колледжінің 2-курс студенті Ақмарал Омарова.
Дәстүрлі әннің үздік орындаушысы Ақмарал Ерімбетова бүгінгі таңда Маңғыстау өнер колледжінде ән салу бөлімінен дәріс береді және облыстық М. Өскінбаев атындағы филармонияда еңбек етеді. Оның ұстаздық салада жүргеніне биыл-15 жыл. Осы жылдар аралығында Ақмаралдай ұстаздан тәлім алған шәкірттері Әзімхан Баймағамбетов, Темірбек Асқанбаев, Збира Рахметова, Тыныштық Қармысова, Елжан Нұржанұлы, Ақмарал Омарова, Гүлжайна Кемелханова, Жігер Бектұрғанов, Әйгерім Құлжарасова, Оңдасын Қалханов, Бауыржан Ермаш облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, түбек абыройын асқақтатқан.
-Бұрын домбыра мен ән сабағы ән салу бөлімінің құрамында болды. Биылғы жылдың жаңалығы біз өз алдымызға енші алып, ән салу бөлімі болып жеке шықтық. Бүгінгі таңда ән салу бөлімінде 15 студентіміз бар, оның алтауы менен дәріс алады. Және биылдан бастап өнер ордасында жыр сыныбы жұмысын бастады. Оны ашып отырған өзімнің шәкіртім, Алматы қаласынан консерваторияны бітірген, талантты жігіт-Темірбек Асқанбаев. Жыр сыныбында әзірге 3 ер бала дәріс алып жатыр. Алдағы уақытта олардың қатары толығады деп сенеміз,-дейді ән салу бөлімінің ұстазы Ақмарал Ерімбетова.
Венера МИРЛАН