Қашан да ертеңін ойлайтын түбек теміржолшылары қысқа ерте қамданды. Жазға жетпей-ақ 280 тоннаға шақталған жабық көмір қоймасын салып, сақадай сай қылып қойды. Аязды күндердің қарекетіне жылы кезінде кіріскен олар бүгінде қоймаға қажет көмірін қабылдап, қысқы мерзімде қара отынды сақтау, жеткізу жағынан мәселе туындамайды деп отыр.
Көмір сақтау орны «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімінің балансында. Жылыту науқаны басталғалы оған алғашқы лекте 4, жуырда тағы 3 вагон, барлығы 490 тонна отын түсірілді. Содан тәулігіне орта есеппен 10 тоннасы вагондардың жылуына жұмсалады екен. Жылу 1 қазаннан бері берілуде.
Осы жөнінде: «Қоймада бұрын да шатыр болды. Бірақ, жан-жағы ашық, жартылай тас қалаулы. Жел болса көмірдің ұнтақтары ұщып, санитарлық талаптарға сай келмейтін. Өрт қауіпсіздігі жағынан да қауіпті еді. Жауын-шашыннан ылғалданып, ыстық және салқын ауалардың коэффициентінен өздігінен жану мүмкіндігін тудыратын», – деген Маңғыстау вагондарға қызмет көрсету орынының басшысы міндетін уақытша атқарушы Нұркен Қайыровтың сөзіне сүйенсек маңғыстаулықтарға көмір Майкүбі және Қаражыра кендерінен келіп тұр. Майкүбінің қоңыр көмірдің, Қаражыраның метаморфталу деңгейі бойынша қоңыр мен тас көмір аралығындағы отынның өндіріс орыны екенін ескерсек, жанғыштығын бағамдай беруге болады.
– Маңғыстауда ауа райы әлі қатты суыта қоймаса да жолда салқын. Көмір шығыны соған және вагондар санының артуына байланысты бір күні 12, келесі күні 8 тоннадан кетуде. Жылы дегенімізбен бір вагон қара отын бір аптаға жетеді. Жалпы көмірден тапшылық жоқ. Бір-екі күн алдын 210 тонна түсірдік. Мұнымен шамамен 21 күндік сұранысты өтеуге болады. Вагонға өз сыйымдылығы - 2 қорапшадан артық салынбайды. Купеде ол 480, пласкартта 410 келі. Ал қазірге 1 қорапшадан берудеміз. Тағы да қажеттігі туындап, жетпей жатса жол бойы да толтыра алады. Маңғыстаудың өзінде Бейнеуде және Маңғыстау станциясында сондай орындар қарастырылған. Бейнеуде 170 тоннадай қорымыз бар. Бейнеуден алынған көмірмен Алматыға бағытталған пойыздар Қазалыға дейін жетіп қалады, – дейді Нұркен Нұржанұлы.
Дегенмен, оның айтуынша вагонның жылуды көмірден және тоқтан алуының себебінен қара отынды үнемдеуге де болады екен. Қазір Маңғыстауда қолданыстағы 49 вагонның (2011-2013 жылы шыққан жаңа вагон) соған мүмкіндігі бар. Олар - Ресейде шыққан 4, Украинада жасалған 45 вагон. Ресейде өндірілген вагондарда тоқпен де, көмірмен де жылыту жүйесі бар. Тек ол жүргенде ғана генератормен электр энергиясын алып, өзінің тэнін қыздыруға қауһарлы. Бұл тек қосымша күш ретінде ғана пайдаланылып жүр. Тоқтап тұрғанда отын жағуға тура келеді. Ал украиналық вагондар тоқпен жабдықталғандықтан көмір көп уақытқа аялдайтын жерлерде ғана керек.
Н. Қайыровтың сөзінше, әне-міне дегенше қылышын сүйрете келетін қысқа әзірлік жұмыстары бұл ғана емес. Бүгінде жолаушылар вагондарының 97 пайызға жуығы толықтай қыс мерзіміне дайын. Вагондардың техникалық құрылымы, жылуы, суы, жарығы, тазалығы түгел тексерістен өтіп, тиісті жұмыстары жасалған. Олар: жолаушылар тасымалына жүріп тұрған 76, жүк тасымалы бөлімшесінің 1, магистральдық желі бөлімшесінің 1, қаларалық 2, «Сарыарқа» ЖШС-нің 9 вагоны. Қазір тағы 3 вагонда қажет жұмыстар жасалып жатса, 3-нің жолда жүруіне байланысты кезегін күтіп тұрған көрінеді. Сонымен қысқа вагондарды жөндеу орыны - ТО-2-де әлі де жұмыс жүруде. Ал, күнделікті тексеріс цехы - ТО-1-де болса әр айда 1000-1150-ге жуық, ТО-3-те 20 шақты вагонға техникалық қызмет көрсетіледі.
Шахида ЖҰМАН
Суретті түсірген автор