Мұнайлы Жаңаөзен қаласы батыр аналар қаласына айналып келеді. Ел демографиясын дамытуға қосқан үлестері үшін 22 әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» құрмет белгілеріне ие болды. - Батыр аналарымызды мақтан етеміз, олар құрметке лайық, өйткені алты және одан артық баланы тәрбиелеп, өсіру - үлкен жауапкершілік және міндет, - деді қала әкімінің орынбасары Сәнім Танаева наградаларды табыстау сәтінде. Марапатталған батыр аналардың 14-і «Күміс алқа», 8-і «Алтын» алқа құрмет белгілеріне ие болды. Ананың тәрбиесі мен махаббатын әсіресе бала кезінде көрген адам аман-есен өсіп, жақсы азамат болады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында 7 миллиондай кішкентай қазақстандық дүниеге келді. Елімізде әрбір сағат сайын 45 немесе жылына 400 мың бала дүниеге келеді. Осының бәрі береке мен ертеңгі күнге деген сенімнің арқасында болып отыр. Қазақстанның болашағы - жаңа ұрпақ. Жаңаөзен қаласы - еліміздің демографиясына зор үлес қосып отырған өңір. Қалада жыл сайын 4000-нан астам бала дүниеге келеді, олардың арасында егіздер, үшемдер де бар. Нақты деректерге жүгінсек, Жаңаөзен қаласында соңғы 9 айда 3166 бала өмірге келіп, оның 35-і егіздер болған. Бала туу көрсеткішінің жоғары деңгейін 19-27 жас аралығындағы келіншектер құрап отыр. Соңғы 10 жылда бала туғанда берілетін жәрдемақы - 6,3 есе, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы 4 есе өсті. Қазір көпбалалы жарты миллион отбасы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр. Шара соңында сөз алған әйелдер қауымының өкілдері өз жетістіктері туралы әңгімелеп, жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың оң ықпалдарын атап өтті.
Гүлсім ОСПАН