Бүгін маңғыстаулық БАҚ өкілдері мен блогерлер МО Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндірушілері өткізген пресс-турға қатысты.
Тур барысында олар құтқарушы жұмысының ерекшеліктерімен етене танысты. Шынайы өрт сөндіру құтқарушының рөлінде болып, қызығы мен қиындығын қатар көрді.
Осы іс-шараға БАҚ өкілдерін және блогерлерді шақыру Маңғыстау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметімен ұйымдастырылды.
Құтқарушы жұмысымен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Хаям Анверович Амирбеков таныстырып өтті.
Журналистер және блогерлер өрт сөндірушілердің киімін киіп, арнайы автокөлікте жүріп өтті. Одан соң жанып жатқан өртті сөндіруге араласты. Оқу жаттығу мұнарасының төртінші қабатына көтеріліп, өзіндік құтқару арқанымен жерге түсті.
Пресс-турдың келесі кезеңінде қатысушылар назарына неміс өндірушілерінің кішігірім жану жағдайларын сөндіруге арналған «IFEX-3000» өрт сөндіру импульстік орнатпасы ұсынылды. Орнатпада шамамен 25-30 литр су бар. Бір атысында бір литр су шашады. Көбіне жоғарғы қабаттарда орын алған өрт кезінде қолданылады.
Журналистер түтінді жылу камерасына да кіріп, психологиялық кедергілер жолағынан өтті. Түтінге толы, көру мүмкіндігі төмен, тыныс алуға жарамсыз ортада мықтылықтарын сынап көрді. Мұнда, сонымен қатар, көмекке зәру жағдайдағы шулы дауыстар да қосылып тұрды. Камерада тыныстауға оларға драйгер аппараты көмектесті. Аппараттағы таза ауа көлемі 300 Бар. Егер оның сыйымдылығы 250 Бардан төмен болса, құтқарушыға тыныс алуға жарамсыз ортаға кіруге тыйым салынады. Өрт сөндіру қызметіне қабылдану барысында әрбір қызметкер үш айлық дайындықтан өтеді. Содан кейін ғана осы жылу түтін камерасына кіреді екен. Мұндағы мамандардың айтуынша, жауапты салада жұмыс істеуге ниеттенгендердің біразы осы сынақтан кейін ойларынан бас тартқан.
Тур соңында БАҚ өкілдері Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті «ӨС және АҚЖҚ» ММ-де №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде орналасқан мұражайды аралады. Мұражай 1992 жылы өрт күзеті бөлімшесінде ашылған. Мұнда Маңғыстау облысы бойынша әртүрлі экспонаттар, тарихи жәдігерлер, өрт күзетінің дамуы және жағдайы туралы құжаттар сақтаулы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="38984,38985,38986,38987,38988,38989,38990,38991,38992,38993,38994,38995,38996,38997,38998"]